Алматыда танымал қазақстандық суретші Сева Демидовтың арт-инсталляциясы таныстырылды

Алматыда танымал қазақстандық суретші Сева Демидовтың арт-инсталляциясы таныстырылды

Қазақстандық арт-индустрия саласында жарты жылға жуық болған оқшаулаудан кейін ерекше белсенділік байқалады. Карантинде отырған суретшілер жұмыс істеудің жаңа форматтарын іздеуден жалтарған емес. Сева Демидовтың «Үшінші жарты шар» атты көрмесі осындай бір ізденістің нәтижесі деуге болады. Галереялар мен мұражайлар көрме өткізуді енді қайта жандандыра бастаған сәтте суретші Сева Демидов өз экспозициясын қаладағы мейрамханалардың бірінде ұсынуды жөн көріпті. Осы орайда, суретшілер үшін ең маңыздысы сағынып қайта көріскен өз көрермендері екенін айта кеткен жөн. Автордың айтуынша, карантин кезінде ең қиыны өз көрермендерімен бетпе-бет жүздесе алмауы болған екен. 

«Мен адамдармен қайта кездескеніме қатты қуаныштымын. Әсіресе. олар менің бас киімімді киген кездегі эмоциялары қатты ұнайды. Суретші үшін эмоционалды тұрғыдан реакция алмасу өте маңызды. Ал соңғы айларда ондай сәттер мүлдем болмаған еді»,- дейді Сева Демидов.

Бұл жолы суретші ерекше бас киімдердің топтамасын ұсынды. Ол бұйымдарды белгішелермен, монеталармен, тұмарлармен, ағаш және былғары медальондармен, қауырсындармен безендірген. Көрме қонақтары суретшінің туындыларын жай көзбен көріп қана қоймай, киіп те көрді. Бір сөзбен айтқанда, көрме ұйымдастырушылары жаңа бағытта жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, аталмыш экспозиция карантин кезінде өз көрермендерімен байланысын үзіп алған қазақстандық суретшілердің күзгі кездесулер сериясын бастап берді. Алдағы уақытта жоба ұйымдастырушылары алматылықтар мен қала қонақтары үшін осындай көрмелермен мәдени кеңістік құрғысы келеді. Олардың айтуынша, халықты әдемілікпен жақындастыру үшін осындай кездесулерді жиілету маңызды. 

 

Авторы: Ақзер Сегізбаева


×