Қазақстандық деректі фильм Атлантика халықаралық кинофестивалінің шорт тізіміне енді

Қазақстандық деректі фильм Атлантика халықаралық кинофестивалінің шорт тізіміне енді

Отандық «Кішкентай Ханзада» деректі фильмі әлемнің үздік 8 картинасымен бақ сынасатын болады. Қазақстандық туынды Атлантика халықаралық кинофестивалінің шорт тізіміне енді. Жоба авторларының айтуынша, алғашқы тұсаукесерін елордада өткізуге короновирус індетінің өршуі тұсау болған екен. Енді оның таныстырылымы мұхиттың арғы жағында Оңтүстік Америкадағы Колумбия мемлекетінде өтпек. Кеңге танымал кино байқауы 9-12-қыркүйек аралығында Барранкилья қаласында болады.

«Біз үшін бұл - үлкен жеңіс. Әлемнің алпауыт елдері түсірген көп жобалардың ішінен таңдап алынуы мен АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд, Норвегия, Италия сияқты ірі елдермен қатар тұруының өзі біздің басты идеямыздың, еңбегіміздің бағаланғаны деп білеміз», - дейді жоба авторлары.

Бірегей қазақстандық жоба қазақ тілінде ағылшын субтитірімен көрсетіледі. Оны халықаралық кинофестивальдің ресми сайтынан да көруге болады. Бұл орайда айта кетерлік жайт, фильмнің өзі жылдың басында Франция мен Германия елдерінде түсірілген.

«Адам арманымен бай. Біздің арман қазақ әнімен Еуропа аспанын әуелеткен Әміре мен бүкіл түркі елінің тәуелсіздігін аңсаған Мұстафа өмір сүрген Парижде орындалды.  Иә, әлем астаналарының біріне баруды көбі армандайды. Бірақ біздің арман Парижге бару емес еді, арман Парижде фильм түсіру болды. Және бір арман бұл идеяны ең жақын достарыңмен шығармашылық тандемде іске асыру еді. Фильмнің не туралы болатынын сценарий жазылмай тұрып білдік», - дейді жоба жетекшісі Жанар Шәмел.

«Кішкентай ханзада» - бұл фильм монолог. Адамның өз жанымен тілдесуі дейді, сценарий авторы және қоюшы  режиссері Қарлыға Хасен. Бас кейіпкер қазақтың талантты ақыны  Танакөз  Толқынқызы «Мен кіммін?», «Мен не үшін өмір сүріп жүрмін?» деген сияқты сауалдарға  жауап іздеп, өзіне есеп береді. Ол бала кезінен ақын болуды, француз тілін жетік меңгеруді армандады. Ал деректі фильм бас кейіпкердің жүзеге асқан мақсаты арқылы көрерменін армандарымен табысуға, тілдесуге шақырады.

«Франция - ол нағыз өнер ордасы, көптеген мықты жазушылардың, ақындардың өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан мекені. Франция махаббаттың отаны. Танакөздің поэзиясы осы ұлы сезімге толы. Сондықтан, менің кейіпкерімнің Франциямен ортақ дүниелері көп. Оның жаны, болмысы терең, шығармашылығын бағалаймын, махаббат жайлы поэзиясын сүйемін. Сондықтан, ол туралы деректі фильм жасауды жөн көрдім. Соған әбден лайық тұлға  деп санаймын. Адамның қадірін тірі кезінде білуіміз керек деп ойлаймын», - дейді Қарлыға Хасен.

Айта  кетейік, бұл режиссер Қарлыға Хасеннің алғашқы фильмі. Шығармашылық топ енді Колумбиядан сүйінші жаңалық күтеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов


×