«Астана Опера» жаңа маусымға дайындық үстінде

«Астана Опера» жаңа маусымға дайындық үстінде

18 қыркүйекте «Астана Операның» жаңа маусымы «Опералық классикаға саяхат» туындысымен ашылады. Гала-опера театрдың Үлкен залы сахнасынан онлайн өтеді. Бағдарламаға ұлттық және әлемдік мұраның үздік үлгілері – А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларынан көріністер енген. Тыңдарман алдында елордалық труппаның танымал солистері өнер көрсетпек.

«Бұл маусымды біз өзімізге тосын, дағдыланбаған форматта ашқалы отырмыз: әртістер залдағы көрерменсіз сахнада өнер көрсететін болады. Қойылымдар мен концерттердің тікелей көрсетілімдері қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қазіргі сәтте солистер осыншалық ұзақ үзілістен кейін жұмысқа белсене кірісіп кетті. Олар дайындық залдарында өнерлерін шыңдауда, алайда, тыңдармандармен алғашқы кездесуіміз онлайн-форматта өтетіндігіне қарамастан, сөзсіз, қобалжу үстінде. Театрдың көркемдік кеңесі ұлттық және әлемдік опера мен балет классикасын, камералық музыка концерттері және, әлбетте, балалар мен жасөспірімдер аудиториясы бағдарламасын қамтитын сегізінші маусымның мазмұнды репертуарын әзірледі. Көптеген жоспарларымыз коронавирус пандемиясының кесірінен жүзеге асырылмаған болатын. Карантинге қарамастан, біз онлайн режимде белсенді жұмыс атқардық, көптеген жобалар жасадық және қашан да біздің театрдың өнерін сүйіп тамашалайтын азаматтардан оң пікірлер мен хаттар түрінде жауаптар алып отырдық», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Сонымен қатар, көрермендерді айтулы премьералар мен ғаламат концерттік бағдарламалар күтіп тұр. Қазан айының басында Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының премьералық онлайн-көрсетілімі өтеді, жаңалықтар тізбегін Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына көрнекті хореограф Иржи Килианның қойылымындағы «Алты би» эксклюзивті балеті жалғастырмақ. Одан кейін театрсүйер қауым назарына көптен күткен премьералар: Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсы және  Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала үні» ұлттық балеті ұсынылмақ.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: liter.kz