Еліміздің музейлері тұрақты жұмыс режиміне көшті

Еліміздің музейлері тұрақты жұмыс режиміне көшті

Карантин жағдайында рухани демалысқа шөліркеген қауым үшін қуанышты жаңалық: еліміздегі музейлер  тұрақты жұмыс режиміне көшті. Қыркүйектің басынан мұражайлар келушілерді қабылдауды бастады. Бірінші кезекте қонақтардың сақтығы қамында барлық санитарлық талаптар ескерілетінін айта кету керек. Алғашқылардың бірі болып елордадағы Ұлттық музей қалың жұртшылыққа есігін айқара ашты. Бас мұражай келушілерді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі, профессор Нұрлан Батпеновты еске алуға арналған жаңа көрммен қарсы алды. Алда музей қонақтарын өзге де тың жаңалықтар күтіп тұр.

«Алдағы уақытта Ұлттық музей Алтын Орданың 750 жылдығына орай арналған «Ұлық Ұлыс», «Көне түркі өркениеті» залдарын ашуды, сонымен қатар ақындар А.Құнанбайұлы (175 жыл), Ж.Молдағалиев (100 жыл), тарихшы Е.Бекмаханов (105 жыл), компорзитор Н.Тілендиев (95 жыл), қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым О.Смағұлов (90 жыл) және тағы да басқа тұлғаларымыздың мерейтойына орай кешенді іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», - дейді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан.

Тарихты түгендеп, төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін ашу үшін заманауи технологиялар ендірілуі тиіс. Алмаз Нұразхан осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында көрсетілген «Цифрландыру – барлық реформалардың базалық элементі» атты ІХ бағыттың музей саласы үшін өте маңызды болып отырғандығын атап өтті.

«Сондықтан ҚР Ұлттық музейі алдағы уақытта цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне, әсіресе виртуалды музейлер желісін құру, барлық музей қорларын электронды форматқа көшіру үрдісіне басымдық беретін болады. Музей ұжымы қиын да өтпелі кезеңге қарамастан төл тарихымызды зерделеу, ұлттық мәдениетті дамыту бағытында өз жұмысын жалғастыра бермек», - дейді Алмаз Нұразхан.

Айта кету керек, жаһанды жайлаған коронавирус індеті музей саласына әсер етпей қоймады. Алайда рухани азық мекендері жағдайға бейімделіп, онлайн форматында қашықтан көрмелер,сабақтар ұйымдастырып,  көрерменмен байланысын үзген жоқ. Сондықтан қашықтан жұмыс істеу жаңа форматқа бейімдеді, дейді музей қызметкерлері.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zabivan.livejournal.com