Отандық фильмдер шетелдік нарыққа шықпақ

Отандық фильмдер шетелдік нарыққа шықпақ

«Қазақфильм» киностудиясы «Әбіл» драмасының сценариін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтетін Азиядағы ең ірі Asian Project Market кино жобалар нарығына ұсынады. Бұл жайында киностудияның баспасөз қызметі хабарлады.

Алдағы қазан айында фильмнің халықаралық продюсері Анна Вильгельми  ескі өсиеттерден жиналған қазақстандық шопанның оқиғасын әлемдік продюсерлер мен инвесторларға ұсынады. Айта кетейік, Анна Вильгелми есімі Эмир Байғазиннің «Төрт оқиға» және Катерина Суворованың «Завтра море» фильмдері арқылы қазақстандық көрерменге таныс. Ал  жобаның режиссері Елзат Ескендірдің «Өліара» фильмі 2016 жылы Халықаралық Пусан кинофестивалінде үздік қысқаметрлі фильм атанған болатын.

Asian Project Market кинонарығы Пусандағы халықаралық кинофестиваль аясында өтеді. Бұл маңызды іс-шараға болашағынан зор үміт күттіретін жобалар ғана қатысады.

Сондай-ақ  қазақстандық кинематографтар еуропа көрерменінің көзайымына айнала алады. Бүгін еліміздің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 13-17 ақпанда өтетін Berlinale Co-Production Market киноөнімдер нарығына қатысуға өтініш қабылдау басталғанын жария етті. Өтінім қыркүйек айының соңына дейін қабылданады.

Айта кетейік, аталмыш шара 71 халықаралық Берлин кинофестивалі аясында өтпек. Бұл шетелдік киноны Еуропа елдеріне танытудың бірден-бір жолы дейді, сала мамандары.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz