Орталық Азиядағы алғашқы виртуалды Киноакадемия жұмысын қорытындылады

Орталық Азиядағы алғашқы виртуалды Киноакадемия жұмысын қорытындылады

АҚШ тәжірибелі кино мамандарымен бірлескен Орталық Азиядағы алғашқы кино академия өз жұмысын қорытындылады. «Жазғы киноакадемия» деген атауға ие болған жоба «48 сағатта кино түсіру» сайысы мен American Film Showcase бағдарламасымен бірге ұйымдастырылған. Академия аясында өткен үш шеберлік сабағында аймақтың бес елінен 41 қатысушы білім алды. Орталық Азияның жаңа бастаған және тәжірибелі кино мамандарына арналған шара толығымен виртуалды түрде өтті, деп хабарлайды Алматыдағы АҚШ бас консулдығы.

«Академияға қатысу мен үшін зор тәжірибе болды. Бұған дейін деректі фильм түсіріп көргем, бірақ әуесқой едім. Воркшоптың арқасында басты ережелерін түсініп, фильмнің құрылымын үйрендім. Сюжетті үш актіге бөліп үйренгеніміз ұнады. Бұл мен үшін үлкен жаңалыққа айналды. Сонда түсінгенім - менің бұған дейінгі фильмдерімде бұл ереженің ешқайсысы сақталмапты! Сюжеттің әр бөлімін әр түрлі түске бояп, қайсысында қандай сарынның басым екенін үйрендік. Сол ұнады. Алған біліміме жаңа жобам - Қазақстан мен Ресейді жалғап жатқан трансшекаралық Орал өзегі туралы фильмімді түсіру кезінде міндетті түрде сүйенемін», - «Уральская Неделя» газетінің журналисі Рауль Упоров.

Жазғы киноакадемия сарапшысы Дебра Циммерман қатысушыларға «Әйелдер кино түсіреді» деген тақырыпта шеберлік сабағын өткізді. Ол 1972 жылдан бері әйел кино мамандарына қолдау көрсетіп келген Нью-Йорктық Women Make Movies қоғамдық ұйымының атқарушы директоры қызметін атқарып келеді. Білікті маман бұл ұйым Орталық Азияда кино саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

«Қатысушылардың белсенді болғанының арқасында менің де жұмысым жеңіл болды! Women Make Movies ұйымы Орталық Азияның әйел киномамандарын қолдауға дайын. Әйел режиссерлер бірлестігімен бірге болсын, Орталық Азиядағы әйелдер кинофестивалін өткізу бастамасын қолдау арқылы болсын. Біз ұйымдастыратын шеберлік сабақтарына бір жылдық абонемент сыйлап, Орталық Азия әйелдерін қатыстыра аламыз», -дейді режиссер  Дебра Циммерман.

Ұйымдастырушылар шеберлік сабақтарын өткізу 2020 жылғы Жазғы киноакадемия бастаған дәстүрге айналады деп үміттенеді. Қазір олар «48 сағатта кино түсіру» жобасының биылғы жылғы сайысына қызу дайындыққа кірісіп кетті. Шара алдағы 26-27 кыркүйек күндері өтеді деп жоспарланған.

Авторы: Мәншүк Шымырбай

 

Фото: 123rf.com