Қазақстандық ғалымдар Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеуде

Қазақстандық ғалымдар Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеуде

Қазақстандық ғалымдар археологиялық және этнографиялық зерттеуге негізделген Сарыарқаның мәдени мұрасы ғылыми монографиясын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Олар ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің солтүстік және шекаралас аймақтарында болған экспедиция нәтижелері бойынша жасалған ғылыми жұмысты ұсынбақ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының материалдық емес мәдени мұра бөлімінің жетекшісі Әйгерім Мұсағажинова айтты. Оның айтуынша, экспедицияларға институттың 15 қызметкері қатысуда.

«Бүгінге дейін біз 20-дан астам ауылды аралап үлгердік. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында табылған 15-тен астам тағамның тізімін жасадық. Павлодар облысынан бізге киім, шапан, сырмақ, оюлы төсеніштер сияқты бірегей экспонаттар ұсынылды. Қазір бұл атрибуттардың барлығы Қазақстанның Ұлттық музейінің қорына өткізілді», - деп атап өтті Әйгерім Мұсағажинова.

Сурет Әйгерім Мұсағажинованың жеке мұрағатынан алынды

Айта кету керек, «Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау» жобасы аясында тек этнографиялық және археологиялық ғана емес, сонымен қатар музыкалық және фольклорлық экспедициялар жүргізілуде. Үш жыл ішінде зерттеушілер көптеген құнды ақпараттар мен бірегей артефактілерді, эксклюзивті фотосуреттер жинап үлгерді. Мұның барлығы Сарыарқа - қазақтың мәдени мұрасының қазынасы екендігін тағы бір айғақтай түседі.

Сурет Әйгерім Мұсағажинованың жеке мұрағатынан алынды

«Археологтар өздерінің олжаларына зерттеулерін жүргізеді, ал біз этнографтар материалдық емес мәдени мұраларды зерттеумен айналысамыз. Негізгі бағыттар - дәстүрлі тағамдар, сәндік-қолданбалы өнер, халықтық медицина, рәсімдерді тіркеу. Біздің міндетіміз - дәстүрлі мәдениеттің тасымалдаушыларын анықтау. Қазіргі кезде түрлі факторлардың әсерінен, жаһандану дәуірімен бірге, ұрпақ алмасу жүріп жатыр. Аға буын өкілдерінен құндылықтарымызды сақтау мақсатында біз дәстүрлер туралы, әдет-ғұрыптар туралы, сәндік-қолданбалы өнер элементтері туралы барлық ақпаратты жазып алып қaлуымыз керек», - деп атап өтті этнограф.

Сурет Әйгерім Мұсағажинованың жеке мұрағатынан алынды

Көптеген жылдар бойы қазақтардың ұлттық гастрономиялық дәстүрлерін насихаттап, зерттеумен айналысқан этнограф Әйгерім Мұсағажинованың айтуынша, экспедициялар барысында ол ежелгі қазақ тағамдарының 15-тен астам рецептін жазып үлгерген. Бұл, әрине, Сарыарқа жұртының өз дәстүрлерін аса құрметтеп, көздің қарашығындай сақтап келе жатқанын көрсетеді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева