Ұлы ақын құрметіне: Абайдың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде атап өтілуде

Ұлы ақын құрметіне: Абайдың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде атап өтілуде

Румыния камералық оркестрі Абайдың музыкалық шығармаларын орындады. Қазақтың біртума тұлғасының туындылары тарихи аймақ – Трансильвания астанасы, Клуж-Напока қаласында әуеледі. Музыка кеші Румыниядағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында өтті. Ал концертке қатыса алмаған румыниялық өнерсүйер қауым оркестрдің орындауындағы әуезді әуендерді шығармашылық ұжымның әлеуметтік желідегі парақшасынан тамашалауға мүмкіндік алды. Бейнежазба 5 мыңға тарта қаралым жинаған.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы Оңтүстік Америкада да атап өтілді. ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның Бразилиядағы елшілігі Аргентинаның Росарио қаласындағы қазақ мәдени орталығымен бірлесіп онлайн-конференция ұйымдастырған. Іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, оңтүстікамерикалық елдердің академиялық және іскер топтарының өкілдері, осы елдердің Бразилиядағы дипломатиялық миссияларының басшылары мен жұмысшылары, БАҚ өкілдері, мәдени орталықтың еріктілері қатысты.

Конференцияға қатысушылар Абайдың шығармаларына қызығушылық танытып, ашылуы жоспарланып отырған «Абай әлемі» мәдени орталығы мен Оңтүстік Америка елдерінде орналасқан ұқсас мекемелері арасында байланыс орнату, ұлы қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми іс-шаралар, әдеби кештер мен көрмелер ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтты.

 

Фото: 24.kz