Ақын Әлібек Шегебай Абайдың «Қара сөздерін» өлеңге айналдырды

Ақын Әлібек Шегебай Абайдың «Қара сөздерін» өлеңге айналдырды

Қара өлеңге айналған – «Қара сөз». Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, танымал ақын Әлібек Шегебай Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» идеясы  мен философиясын бұзбай, қара өлең формасында жазып шықты.

Хакім Абайдың ғибрат пен тағылымға толы әйгілі қара сөздері – оқыған жанды ойлантпай қоймайтын орны бөлек туындыларының бірі. Ақынның айтуынша, Абай атамыздың бір қара сөзін – бір поэмаға арқау етуге болады.

«Мен барлық қара сөзін ықшамдап, шағындап, Абай атамыздың өзі айтпақшы «Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп, Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы»  дегеніндей әрі қара сөзді 6 шумаққа сыйдыруға тырыстым. Осы уақытқа дейін 37-ні яқтап, 38 қара сөзге келіп отырмын. Ал 38-інші сөз мүлде бөлек. Өте ерекше. Қазір қайта-қайта оқып, мән-мағынасын бойыма сіңірудемін. Оның тағы бір ерекшелігі осы күнге дейін жасап келген 6 шумақтық стандартқа сыймайды. Өте көлемді. Бұны мен тағы созуыма тура келіп тұр. Бәлкім 18 шумақ, бәлкім 24 шумақ болар деп жобалап отырмын»,-дейді  Әлібек Шегебай.

 

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың артына қалдырған баға жетпес шығармалары алып мұхит іспеттес. Әсіресе, қара сөздерінің салмағы мен бағасы зор. Ал осы мұхитқа қорықпай сүңгіп, тұңғыш рет қара сөзді өлең тілінде сөйлетуіме шығармашылық ортаның қолдауы үлкен сенім берді дейді автор.

«Рас, бұл идея келгеннен соң жарты жылдай бастай алмай жүрдім. Көп зерттедім. Арғы бергі ақындарда қара сөздерді өлеңге айналдырған кім барын білгім келді. Бірақ ұлы ақынға түрлі өлең, шығармалар арналғанымен мен ойлаған бағытта ешкім жазбапты.Ойымды білдіріп, ақылдасқан үлкен ақын-жазушылар бірден қолдап, қуаттады. Қазір де  дайын өлеңдерім зиялы қауым арасында үлкен қолдауға ие  болып жатыр», - деп бөлісті Әлібек Шегебай.

Ұлы ойшылдың артына қалдырған баға жетпес шығармалары оқып тани алған, түсіне алған адамға тұнып тұрған психология. Өзіңді дамыту үшін адам бойында қандай қасиет болу керек? Жаман қасиеттерге қалай шектеу қою керек? Өзін-өзі дамыту тақырыбын жақсы көретін жастарға Абайдың қара сөздерінің тәрбиелік, өмірлік маңызы зор. Алайда, көбінесе жастар ақынның қара сөздеріне бірден бойлай алмайды, кейде өресі жетпей жататыны жасырын емес, дейді  Әлібек Шегебай.

«Мен осындай тың дүниені жазып жатқан соң оқырман пікірін, ойын білгіп келіп, әлеуметтік желіге салып жүрдім. Сол кезде байқағаным, негізінен жастарға, мектеп оқушыларына оқуға ыңғайлы. Абайдың қара сөздерін әр қазақ білуі керек дейміз ғой. Сол кезде оқырман қара сөзден түсінбегенін өлеңнен оқып білсе деймін және бұл атымды шығару емес, ұлы ақын, ойшылды насихаттаудың бір формасы деп білемін»,-дейді ақын. 

Қазіргі таңда 15 қара сөздің өлең түрі «Қазақ әдебиеті» басылымында жарық көрді. Автор алдағы уақытта ұлы Абайдың артында қалдырған ғақлиясын өлеңге айналдыруды толық аяқтап, кітап етіп басып шығаруды жоспарлап отыр.

 

Автор: Әсел Күшенғалиева