Данэлия Тулешова America's Got Talent шоуында өнер көрсетті

Данэлия Тулешова America's Got Talent шоуында өнер көрсетті

Қазақстандық жас әнші Данэлия Тулешова америкалық America's Got Talent шоуының үшінші айналымында өнер көрсетті. Өнерпаз Sign of the Times әнін орындады. Бейнежазба таланттар шоуының Youtube каналында жарияланды.

«Қазақстандық 14 жасар жұлдыз Гарри Стайлздың Sign of the Times әнін тамаша орындады. Данэлия Тулешованың орындауындағы әнді жіберіп алмаңыздар!» - делінген видеоға жазылған хабарламада.

Әнші өзінің видеосы әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін жанкүйерлеріне жүгініп, өзіне дауыс беруге шақырды. Ал оның өнерін тамашалаған көрермендер жылы лебіздерін жазды.  

«Мен таңғы 4-ке дейін ұйықтаған жоқпын. Күттім. Босқа күткен жоқпын. Керемет әсер алдым. Тамаша. Оның өзге әндері де қатты ұнайды. Данэлия тыңдарманды өзіне баурай алады. Оның әсем дауысын тыңдау – ғажайып құбылыс. Оны бүкіл әлемде жақсы көреді», - деп жазды желі қолданушысы Дмитрий Кузнецов.

Еске салсақ, Данэлия Тулешова шілде айының соңында америкалық America’s Got шоу жобасының үшінші турына өткен болатын. Ол қазылар алқасын да, көрермендерді де таңқалдырған болатын. Оның өнеріне тәнті болған зал тік тұрып, қол соқты.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: inform.kz