Қарағандыда алғашқы «Әдеби аялдама» пайда болды

Қарағандыда алғашқы «Әдеби аялдама» пайда болды

Абайдың он бесінші «Қара сөзін» үш тілде оқу, оның портретімен танысу, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың хәкім жайлы жазған шығармаларынан үзінділер оқу. Енді аялдамада автобусты күтіп тұрып, рухани азық алуға мүмкіндік бар. Қарағандының орталық көшелерінің бірінде «Әдеби аялдама» пайда болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан игі жоба Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналып отыр. Осылайша, ұйымдастырушылар қазақ ақындарының шығармаларын кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.

«Басты мақсатымыз –Ұлы Абайдың шығрмаларымен халықты кеңінен таныстыру. Оның «Қара сөздерінің» бүгінгі таңда да маңыздылығын жоғалтпағанын жеткізу, Сондай-ақ, еліміздің және Қарағандының ақындарын насихаттау»,- дейді Қарағанды қ. мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаева.

Сонымен қатар, жақын арада тағы бір «Әдеби аялдаманы» қаланың басты көшелерінің бірінде орналастыру жоспарлануда. Туындылар түнде де көріну үшін аялдама қабырғаларына шамдар орнатылған. Сондай-ақ, бұзақылардан қорғау мақсатында берік шынымен қапталды. Ұйымдастырушылар келешекте аялдамадағы өлеңдер өзгертіліп отыратынын айтады. Сонымен қатар мұнда жергілікті авторлардың да шығармалары қойылатын болады. Жоба халық арасында қолдауға ие болып жатса, мұндай «Әдеби аялдамалар» қаланың өзге де көшелерінде пайда болмақ.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: ainews.kz