Қазақстандық режиссер Швейцарияда жүлде алды

Қазақстандық режиссер Швейцарияда жүлде алды

Локарно қаласында өткен халықаралық кинофестивальде қазақстандық «Өркениет тарихы» фильмі «Күміс қабылан» сыйлығына ие болды. Картинаның режиссері – Жаннат Алшанова. Марапаттау рәсімі онлайн форматта өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

Жаннат Алшанованың «Өркениет тарихы» фильмі 2019 жылы Алматыда түсірілген. Басты рөлдерді композитор Ақмарал Зықаева (Mergen), және суретші Айдар Әлімбаев сомдаған. Картинаның қоюшы-операторы – португалиялық Леандро Ферран.

Бұл – қазақстандық режиссердің Локарно фестиваліне үшінші рет қатысуы. 2018 жылы аталған байқаудың негізгі конкурстық бағдарламасына енген «Біз ризамыз» толықметражды фильміне Жаннат Алшанова бірлескен продюсерлік еткен еді.

Сонымен қатар, Жаннат 2019 жылы  Локарнодағы Бела Таррдың режиссерлік шеберханасына өтіп, «Паола тілек тілейді» фильмін түсірген. Туындының әлемдік премьерасы Локарно қаласында өтіп, 2020 жылдың қаңтарында фильм Сандэнс фестиваліне қатысты.

Кино әлемінде сәтті қадамдарымен танылып жүрген отандық режиссерді еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

 

Фото: express-k.kz