Тарихқа саяхат: көне Жанкент қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады

Тарихқа саяхат: көне Жанкент қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады

Жанкент қалашығы цитадельдің солтүстік бекініс қабырғасында, шығыс қақпасында және тұрғылықты орамда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері ғылыми-практикалық семинарда ұсынылды. Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының хабарлауынша, солтүстік қорған қабырғасында жүргізілген реставрациялық жұмыстар таныстырылды. Оның 5 мұнарасы аршылып, жауын-шашыннан қорғау мақсатында сырты сабан жабындымен жабылған. Cонымен қатар, №1 қазбада орналасқан үйдің орны да қалпына келтірілді. Жалпы, бұл қазбаның аумағы көлемі 400 шаршы метрге жуық болатын темір жабындымен жабылған. Үйдің үш тұрғын бөлмесінің қабырғалары жергілікті халықтың құрылыс әдісіне айналған «каркасты» әдіспен көтерілді. Бөлмелердің төбесі пашынмен жабылып, бөлме ортасына терезесі орнатылды. Зерттеуші ғалымдар Жанкент қалашығының ежелгі келбетін қалпына келтіру бағытында көптеген жұмыстар атқарылғанын айтып отыр.

Тарихи ескерткішті 2005 жылдан бері халықаралық археологиялық экспедиция зерттеп келеді. Оның құрамында археологтар, тарихшылар, остеологтар, топырақтанушылар, архитектор және геофизик ғалымдар бар. Cондай-ақ, археологиялық жұмыстармен қатар, 2014 жылдан бері олар қорғауға алынған аймақты және табиғатты қорғауды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Консервациялау жұмыстардың арқасында ескерткіш аумағында археологиялық парк құруға мүмкіндік жасалады.

 

Фото: inform.kz