Абайға құрмет: ҚХА жариялаған онлайн-фестиваль қорытындыланды

Абайға құрмет: ҚХА жариялаған онлайн-фестиваль қорытындыланды

Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай күніне және және ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай республикалық онлайн-фестивалін ұйымдастырды.

Этномәдени бірлестіктер арасында ұлы ағартушының шығармашылығын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті паш етуге арналған поэзия фестиваліне бастапқыда мемлекеттік тілді еркін меңгерген 175 этнос өкілін қатыстыру көзделген болатын. Алайда 130 дан астам ұлт өкілдерінің ақынға деген ерекше құрметі мен ілтипаты бұл межеден асып түсті. Нәтижесінде 700-ден аса бейнеролик жіберілген. Қатысушылардың басым бөлігі ақын өлеңдері мен аудармаларын қазақ тілінде асқақтатса, 127-сі басқа тілдерде айшықтауға тырысты. 126 өнерпаз Абай әндерін шырқап, қара сөздерін нақышына келтіріп жеткізді.

Фестивальге қатысу үшін Абайдың шығармасын оқып, әлеуметтік желіде түрлі форматта бейнетүсірілім жариялау керек еді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев этнос өкілдерін қолдау үшін Абайдың 37 қарасөзін оқып, көпшілікке тарту етті.

Барлық бейнежазбалар мен роликтер ҚХА сайты мен өңірлік құрылымдарының Facebook, Instagram, Vkontakte, Youtube, Telegramm каналында, түрлі ақпараттық сайттарда жарияланды.

 

Авторы: Данагүл Біләлова