Қазақстанда Junior Eurovision-2020 байқауына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда Junior Eurovision-2020 байқауына өтінім қабылдау басталды

«Хабар» Агенттігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауына ұлттық іріктеуге өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлайды. Оған 9 жастан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатыса алады. Ұлттық іріктеу 4 кезеңнен тұрады. 20 тамызға дейін өнерпаздар ресми сайтта сауалнама толтырып, видеосын жүктеуге тиіс.

Екінші кезеңде қазылар алқасы ең мықты 30 қатысушыны іріктеп алады.

Үшінші кезеңде jevision.khabar.kz сайтында дауыс беру өтеді. Қазақстандықтар ұнаған дарын иесі үшін дауыс беріп, оның қорытындысы бойынша 12 финалист анықталады.

Төртінші кезеңде өнерпаздар еліміздің белгілі композиторларымен бірге ән жазып, оны орындаудан жарысады.

Жеңімпаз қазылар алқасының бағалауы және SMS-дауыс беру арқылы анықталады. Ең көп балл жинаған қатысушы Eurovision 2020 байқауында Қазақстан намысын қорғайтын болады. Халықаралық өнер жарысының финалы 29 қарашада Польшаның Варшава қаласында өтеді.

Еске салсақ, Қазақстан Junior Eurovision Song Contest байқауына осымен үшінші мәрте қатысуда. 2018 жылы байқауға Данелия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болса, былтыр Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орыннан көрінді.

 

Фото: yandex.kz