«Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» виртуалды көрмесі ашылды

«Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» виртуалды көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай қалың жұрттың назарына «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» виртуалды көрмесін ұсынады. Елбасының жеке архиві, кітапханасы менмузейінің қор материалдарынан жасақталған көрме философия, әдебиет, поэзия, музыка салаларымен ұштасқан кемеңгердің мирасынан сыр шертеді.

Көрме материалдарының қатарында 1995 жылғы 9 тамызда Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халық алдында сөйлеген сөзі бар. Онлайн-экспозиция ақын мирасын әлемге паш ету жолында ЮНЕСКО тарапынан 1995 жыл «Абай жылы» деп жарияланғанын да еске салады.

Данагөй ағартушы шетелдік классиктердің қаламынан тамған туындыларды аудару арқылы жерлестерін әлем мәдениетімен таныстырды. Бүгінде ХХІ ғасырдың өкілдері Абайды адамзатқа ортақ құндылықтардың тұтқасы деп қабылдайды. Олардың түсінігіндегі Абай –  қырғи-қабақтан азат бейбітшіл ұстанымдардың үлгісі, Елбасы бастамаларының негізіне алынған абыройдың тұғыры. Мұны бейнелейтін аталмыш көрме Абай мұрасының халық қазынасы екенін дәйектейді. Қоғамның рухани тірегіне айналған ойшылдың мирасы құндылықтар сабақтастығын сақтап қала бермек.

«Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» бейнекөрмесін Елбасы кітапханасының ресми сайтындағы «Виртуалды көрмелер» бөлімінен табуға болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: presidentlibray.kz