Қазақстандық кино шетелдік көрерменді бағындыруда

Қазақстандық кино шетелдік көрерменді бағындыруда

Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі 77-ші Халықаралық Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасына қатысады. Әлемнің ең ірі және беделді фестивалдерінің бірі биыл 2-12 қыркүйек аралығында жанды форматта өтеді. Қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайтын туынды авторы халықаралық байқауға елдегі жағдай тұрақтағаннан кейін барып-қайтуға ниет танытып отыр.

«Менің ойымша, Венеция кинофестивалінің бұрынғы форматта өтуінің өзі тұсаукесері болатын кез келген фильм үшін үлкен сәттілік. Осындай мүмкіндік үшін фестиваль іріктеушілеріне және шығармашылық ұжымға алғыс айтамын», - деді Әділхан Ержанов.

Филімнің желісі бойынша түрмеден шығып, елге оралған Кермек есімді жас жігіт, өзінің туып-өскен қаласында белгілі бір қылмыстық топтың өз заңдарын орнатқанын көреді. Ева атты сүйіктісі де осы адамдардың қысым көрсетуімен теріс жолға түсіп кеткен, Кермек те қылмысқа белшесінен батуға мәжбүр болады.Дегенмен ол сүйген қызбен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралыарманын іске асырмақ болады.

«Мен үшін Кермек кейіпкерлеріміздің ішіндегі ең мейірімдісі, оның қазіргідей күрделі уақытта пайда болуында да бір мән бар. Ол қазіргі заманға салынған фольклорлы кейіпкер. Бүгінгі қоғамға ұқсамайтын мінезі ашық жаны таза адам.  Кермекті актер Азамат Нығманов ойнайды. Ол өзінің рөлін өте жақсы сомдап, мен ойлағандай  бейнесін алып шықты. Шынымды айтсам, бұл туындының ерекшелігін қандай екенінін айту қиын. Мен үшін ең бастысы, жақсылыққа үндейтін, жан тазалығын, пәк сезімді бейнелейтін фильм түсіру болды», - дейді режиссер.  

Енді бір отандық режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» қысқаметражды фильмі Словакияның ай сайын өтетін Kosece International Monthly Film Festival халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер-дебютант» сыйлығын иеленді. «Қазақфильм» киностудиясының хабарлауынша, KIMFF фестивалінің мақсаты – дүниежүзіндегі талантты режиссерлерді қолдап, оларды насихаттау. Словакияның жас кинематографистерінен құралған фестивальдің қазылар алқасы әр ай сайын жеңімпаздарды анықтайды. Жыл соңында лауреаттар өз номинациясы бойынша кинофестивальдің басты жүлдесі үшін күреске түседі. Жылдық жүлделерді табыстау рәсімі 2021 жылы мамырдың 26 мен 28 аралығына жоспарланған.

Естеріңізге салайық, Іңкәр Әбдіраштың дебюттік фильмінің желісі өзімшіл актрисаның өмірін түбегейлі өзгертетін балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы баяндайды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz