«Тақтар таласының» қазақстандық нұсқасы, «Еркетай» анимациялық фильмі - отандық киноиндустрияның тың жобалары

«Тақтар таласының» қазақстандық нұсқасы, «Еркетай» анимациялық фильмі  - отандық киноиндустрияның тың жобалары

Шындығында, Алтын Орда қандай болған? Ұлық ұлыстың Риммен, ал Жошы ханның Рим Папасымен қарым-қатынастары қалай өрбіген? Әлемге танымал отандық режиссер Рашид Нұғманов «Бату» атты деректі-көркем фильмінде осы сауалдардың жауабын іздейді. Автор тың жобасын қазақстандық «Тақтар таласы» немесе XIII ғасырдағы «Өкіл әке» деп атайды. Оның сюжеті адамның ой-санасын баурап, үйіріп әкететін, ал қорытындысы тіпті тарихты өзге жолға бұрып жіберетіндей, әсері керемет сиқырлы фильмге тән нәрселердің бәрі қамтылады. Кинотуынды деректі детективті телехикая жанрында түсіріледі. Әкесі өлім құшып, жетім қалған 18 жасар Бату Жошы ханның неден қаза тапқанын қазбалай бастайды. Бұл қойылым тарихшы ғалымдардың пікірлері мен деректі мәліметтеріне негізделеді.

«Бату– толығымен көркем ойын жобасы. Негізі, бұл телехикая, ол бірнеше бөлімнен тұруы тиіс. Бүгінде сериалдардың қызықтығы кинотеатрда көрсетілетін кинофильмдерден кем түспейді, ал драматургия тұрғысынан тіпті олардан асып түседі. Біздің фильм осы тақырыпты Қазақстанда, Ресейде және Еуропада терең зерттеген  атақты тарихшы ғалымдармен сұхбат түрінде құрылған. Біз шын мәнінде көпшілік қауым көп біле бермейтін шынайы оқиғаларға сүйеніп, драмалық оқиға құрастырамыз, бейнелерді ой-сана елегінен өткізіп, қайта пайымдаймыз. Иә, біздің кинотеатрларда деректі фильмдер аса көп сұранысқа ие емес, ал бүкіл әлемде бұл кеңінен тараған сегмент. Дегенмен, біз көтеріп отырған тақырып көрермендерді қызықтырады деп үмітттенемін», – деп атап өтті Рашид Нұғманов.

Қазақстандық танымал мультипликатор-режиссер Оразхан Жақып та балалар үшін жаңа кейіпкерді жарыққа шығармақ. Қазір ол «Еркетай» анимациялық жобасын дайындауда. Он жасар Еркетай мен оның Жәнібек есімді досының басынан кешкендері кішкентай көрерменді бір жағынан еліктіреді және сол мезетте «Достық деген не?», «Неліктен зұлымдық бар?» және «Жақсылық неге оны жеңе алады?» деген сұрақтар жайлы ойландырады. Орманнан табылған сиқырлы семсердің сыры, Аспан батырының Жер рухтарымен шайқасы көрерменді ғаламат оқиғаның желісімен саяхатқа шақырады. Семсердің шынайы күші сиқырда емес, оның иесі – Еркетай есімді кішкентай балада екендігін  ең шыдамды көрермендер ғана түсінеді.

Екі жоба да Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен түсіріледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов