«Kitab al-musiki al-kabir»: әл-Фарабидің музыкаға арнаған баға жетпес мұрасы

«Kitab al-musiki al-kabir»: әл-Фарабидің музыкаға арнаған баға жетпес мұрасы

Есімі жер жаһанға мәшһүр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты еңбегін еліміздегі музыкалық мектептер, колледждер, консерваториялар мен Академиялардың негізгі оқу бағдарламаларына енгізу керек. Философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевтың пікірінше, тарихи танымдық еңбек музыка өнеріне ден қоюшыларға жан-жақты терең білім береді.  Фарабитанушының айтуынша, ғұлама математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, алғаш нотаны дүниеге келтірді. Ол саз өнерінің теориясын қалыптастырумен қатар музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, өзі сол аспаптарда керемет ойнаған екен.

«Ғұлама мыңнан беттен асатын бұл еңбегінде  түркі,  парсы, араб сынды түбі бір  шығыс халықтарының дәстүрлі саз өнерінің теориялық және тәжірбиелік мәселелері емес, Аристотель, Платон, Птоломей негізін қалаған ежелгі Грек-Рим мәдениеті, Таяу шығыстағы Соғда, Хорасан, Сасанид, Кушан, одан қалды Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі туралы да көптеген құнды деректер келтіреді», - дейді профессор.

Әл-Фараби музыкалық дыбыстың сипаты мен құрылымынан бастап, оның поэзиясымен байланысына дейінгі «музыкалық ғылымының» мəселелеріне ғана айналмай, саз өнерінің  эстетикалық-теориялық принциптерін шешуге үлес қосты. Ғұламаның музыкасы, поэзиясы, эстетикалық көз қарасы осы күнге дейін толық зерттелмей келеді, дейді Жақыпбек Алтаев.

«Адам құлағына жағымды әуендер, дыбыстың табиғи сезілуі, гармония және үндестік, музыкалық тондардың әрқандай ерекшеліктері сөз болады. Мұнда дыбыстардың табиғи ерекшеліктері музыкалық әуендері кемелдендірудің жолдары мен принциптері, музыка теориясына байланысты көптеген құнды теориялық мағлұматтар келтіріледі. Тағы бір көңіл бөлетін жай әл-Фараби музыка мен поэзия арасындағы табиғи бірлікті мойындайды. Мұның өзі Фарабидің әндердің синкреттік сипатынан хабардар болғандығын дәлелдесе керек. Бұл біздер үшін өте құнды деректердің бірі болмақ. Яғни біз Фарабидің поэзия өнерімен де шұғылданғандығы туралы мәлімет аламыз», - дейді философия ғылымдарының докторы.

Музыка саласындағы зерттеу еңбектерінде Фараби музыканың емдік қасиетін, жағымды əсерін дəлелдеді, сондай-ақ оның тəрбиелік мəні зор екенін баса айтты. Адамның музыка шығару дарыны дəрежесінің əртүрлі сатысын көрсетіп, адамның жан дүниесіне жағымды, жағымсыз əсер ететін музыкалық жанрларға талдау жасайды.

«Біз үшін əл-Фарабидің бұл еңбегі музыка саласы бойынша жазылған аса қымбат тарихи жəне мəдени мұра. Сондықтан əл-Фараби сынды тамаша да ерекше тұлға тұралы, оның дүниежүзілік мəдениетке қалдырған мұрасы туралы жастарға қашанда айтып, оны зерттеу нысанасына айналдырып отыру  -  парызымыз. Бұл мұраның рөлі туралы сөз болғанда тарихи әлеуетін сақтаудың маңызы аса зор», -дейді Жақыпбек Алтаев

Бүгінге дейін жаһандық деңгейде музыка өнерінде маңызы айрықша болып, уақыт талғамайтын шежірелі әрі танымдық туынды латын, неміс, испан, голланд, француз, ағылшын және орыс тілдеріне аударылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: speckor.net