Әлем таныған Абай

Әлем таныған Абай

Мәскеуде «Абай оқулары» өтті. Шараны қазақ диаспорасының өкілдері қаланың орталығында ұлы ақынның еркерткішінің қасында ұйымдастырды. Оған белгілі музыканттар, артистер, студенттер, Абай шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар қатысты. Олар Абай өлеңдерін, қара сөздерінен үзінділер оқыды.

«Абайдың қара сөздері, дана сөздері өмірге үлгі болатын, болашағымызға үлкен сабақ болады деп ойлаймын. Өзіміз оқып, біздің жастарымызға бұл өнеге деп есептеймін, - дейді Мәскеу тұрғыны Гүлмай Хамеденова.

Мәскеуде мыл сайын «Абай оқуларын» өткізу игі дәстүрге айналған. Бірақ пандемияға байланысты биылғы жоспар біраз өзгерді. Дегенмен, қазақ ұлттық-мәдени автономиясы және Мәскеудің ұлттар үйі жақын арада Абай оқуларының екінші кезеңін өткізуді жоспарлап отыр.

«Абайдың сөздері расында алтын ғой. Жүз жыл болсын, мың жыл болсын, бұл кісінің сөздері қалады. Сондықтан жастар соны ұғу керек», - дейді шараға қатысқан жергілікті тұрғын Амантай Рахметов.

«Абай оқулары» Берлинде де ұйымдастырылды. Шара Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің және Қазақстан-Герман қоғамы бірлесе ұйымдастырған ұлы ойшыл, ақын және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған халықаралық бейнеконференция аясында өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.  

Қатысушылар Абайдың өмір жолы және оның әлемнің түрлі елдерін мәдени байытуға қосқан үлесі туралы тақырыптық дәрістерді тыңдады.

«Бүгінде қазақ әдебиетінің бұл жауһарлары Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, саяси және экономикалық кооперациямен қатар мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға себеп болып отыр», - деп атап өтті Қазақстанның ГФР-дағы елшісі Дәурен Кәріпов.

Биылғы жылы Қазақстанда және әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде ЮНЕСКО қамқорлығымен оның 175 жылдығын мерекелеу аясында әділдік, адалдық, жанашырлық және патриотизм идеяларына негізделген қазақ ақыны мен ойшылының философиясын танымал етуге арналған бес жүзден астам түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.