Карантин кезіндегі мәдениет: өнер мен тарихқа қызығушылар үшін пандемия кедергі емес

Карантин кезіндегі мәдениет: өнер мен тарихқа қызығушылар үшін пандемия кедергі емес

Үндістандағы әйгілі Тәж-Махал кесенесі келушілер үшін есігін қайта ашты. Алайда тарихи нысанға күніне тек 5 мың турист қана кіре алады. Және олардың барлығы міндетті түрде маскамен жүрулері қажет. Сондай-ақ, ғимарат ішінде жүргендер 2 метрлік арақашықтықты сақтауға міндетті.

Айта кетейік, Агра қаласында орналасқан архитектуралық ескерткіш коронавирус кесірінен 3 айға жабылған еді. Карантинге дейін оған күніне 80 мыңға дейін турист келетін.

Әлем саяхатшылары үшін тағы бір тартымды нысан – Париждегі Лувр мұражайы да қайта ашылды. Десе де шектеулер енгізілген. Мәселен, келушілер залдардың тек 70 процентіне ғана өте алады.  Сондай-ақ, мұнда бұрынғыдай емес, тек бір есік арқылы ғана кіруге болады. Одан бөлек, қызметкерлер де, қонақтар да маскамен жүруге міндеттеледі. Алғашқы күннің  өзінде келушілер көп жиналды. Десе де, «қонақтардың бұрынғыдай нөпірі әлі байқалмас» дейді Лувр қызметкерлері. Мысалы, өткен жылы муражайды 9 жарым миллионнан аса адам  тамашалаған.

«Біз бүгін 7 мың адамды қабылдадық. Әдетте олардың саны күніне 30 мыңға дейін  жететін. Келушілер алаңдамаса болады. Өйткені сақтық шараларының бәрі қабылданған. Оның үстіне мұражайдың іші өте үлкен. Яғни бір жерде көп кісі жиылмайды», - дейді Лувр мұражайының директоры Жан-Люк Мартинес.

Ал Қазақстанның мәдени нысандарының есігі пандемияға байланысты әлі жабық. Жақында елімізде локдаун жарияланып, қатерл індеттің алдын алу шаралары күшейтілген болатын. Десе де, ҚР Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, EXPO орталығы сынды елдің көркіне айналған басты нысандарына бірегей виртуалды турлар жұмыс істейді. Адамдар үйде отырып-ақ, онлайн саяхат жасап, тарихи жәдігерлер мен бүгінгі жетістіктерді тамашалай алады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: interactive-english.ru