Әлем радиолары Димаштың әндерін эфиріне қосты

Әлем радиолары Димаштың әндерін эфиріне қосты

Грекияның танымал «Radio1 101FM» радиосында 30 минут көлемінде Димаштың әндері шырқалды. Аталған радиостанция қазақстандық орындаушының шығармашылығынан жақсы хабардар. Жалпы, отандық әншінің музыкалық компазициялары бұл толқында шырқалуы алғаш емес.

Димаш Құдайбергеннің ресми жаңалықтар сайтының хабарлауынша, 2019 жылдың қыркүйек айынан бері Димаштың фан-клубының қатысушылары өз елінің жергілікті радиостанцияларына Димаштың әндерін қосу мақсатында электронды хаттар жолдай бастады. Қазақстандық әншінің шығармашылығымен танысқан Солтүстік Грекиядағы танымал радио продюсері Анастасия Конуопидің ерекше әсер алғаны сол, әншінің әндерін күн сайын эфирге шығаратын болды. Содан кейін таңданыстарын жасырмаған тыңдармандардан сезімге толы хаттар келе бастады. Ал «DQGreece» фан-клубының қатысушылар саны күн санап арта бастады. Грекиялық Dears-тің ендігі арманы – Одеон Герода Аттика сахнасында Афина қаласының ашық аспаны астында Димаштың концертін өткізу.

Кәрі құрлықтың өзге бөлігінде орын тепкен Латвия радиосында алғаш рет Димаш Құдайбергеннің әндері естіле бастады. Маусым айында Риганың танымал «PIK 100FM» радиосында бірінше рет Игорь Крутой мен Михаил Гуцериев жазған, әншінің бойтұмарына айналған «Любовь уставших лебедей» әні қойылды. Ән маусым айы бойы кесте бойынша эфирге күніне екі рет шығып тұруы тиіс, кейін радиостанцияның плей-парағында сақталып, әрдайым әуе толқынында ойнайтын болады. Ән эфирден өткен соң, латвиялық радиостанцияны бүкіл әлем тыңдай бастаған. Димаштың өнерін бағалаушылар радиоға жылы лебіздерін жиі жолдайтын көрінеді.

Бұл орайда айта кеткен жөн, Латвия астанасы Ригада өткен концерттен кейін тұрғындар тарапынан жас орындаушының шығармашылығына зор қызығушылық туындады. Сонымен бірге, жанкүйерлер әншінің отаны – Қазақстанның тарихы және мәдениетімен таныса бастады, тіпті қазақ тілін үйрене бастағандар бар.

Ал шілде айының 4-і күні қазақстандық әншінің шығармашлығын ұйып тыңдайтын жанкүйерлері туындыларын естіп қана қоймай, сүйікті орындаушыларын көре алатын болады. Жалпыукраиналық  «ИНТЕР»  телеарнасының эфирінде Димаш Құдайбергеннің 11 наурызда Киев Спорт Сарайында өткен «АРНАУ» концерті көрсетіледі.

«Өз атымнан ғана емес, жалпы, телеарна атынан айтып отырмын. Арнаның эфирінде керемет концерт пен Димаш Құдайберген секілді керемет артистің көрсетілетініне біз өте қуаныштымыз. Мен оны «Славянский базар» байқауынан жақсы білемін. Айтпақшы, аталған байқауды да біздің арна көрсеткен болатын. Сондықтан, «ИНТЕР» арнасын «Славянский базар» сахнасында алғаш ашқандардыың бірі деуге болады. Енді осы керемет артистің Украинадағы концертінің дәл біздің арнада көрсетілетіні қуантып отыр», - деді телеарнаның музыкалық және концерттік бағдарламалар студиясының жетекшісі Олег Яковлев.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kvitki.by