Әл-Фараби – әлемдік өркениеттің ойшылы

Әл-Фараби – әлемдік өркениеттің ойшылы

«Әл-Фараби - әлемдік өркениеттің ойшылы және оның мұрасы». Дәл осындай тақырыпта Ұлы ғұламаның 1150 жылдығына орай Көкшетауда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онлайн-форумға Ақмола облыстық соты мен А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің өкілдері қатысты. Қатысушылар ұлы ғұламаның философиялық жұмыстары мен «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты трактатын талқылап, оның әлем, қоғам, мемлекет және адами қатынастар туралы озық көзқарастары мен пікірлерін атап өтті. Сөз сөйлеушілер Әл-Фарабидің әлеуметтік, экономикалық, саяси және рухани-мәдени зерттеулер бойынша теориялық және практикалық дағдыларды меңгеру, интеграциялау және жүйелеу жүйесі, әлемдік ғылым мен өркениеттің негізін қалаған ғылыми трактаттардың негізгі қағидаттары жөніндегі көзқарастарын айтты.

«Өзінің саяси және философиялық теориясында дана ғалым мейірімділік, қайырымдылық және жақсылық сияқты ізгі қасиеттерді бойға сіңіре білу керектігін түсіндіреді. Ол өз заманының рухани шамшырағы ретінде барлық сын-қатерлерге жауап табуға тырысты», - деп атап өтті Ақмола облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров.

Түркиялық ғалым Нурфер Терджан көрнекті тұлғалардың шығармаларын көпшілікке кеңінен насихаттауға ниетті. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдауымен «Послание ветра. «Аль-Фараби» кітабын баспадан шығарды.

«Мұндай ой менде кездейсоқ туындады деуге болады. Дегенмен, әл-Фараби туралы кітап жазамын деп мүлдем ойламаған едім. Өйткені әл-Фараби – бұл жай ғана өмірбаян емес, үлкен философия төңірегіндегі ірі тақырып. Менің кітабым әл-Фарабидің өмірбаяны туралы емес. Иә, әрине, ғалымның өміріне қатысты көптеген ақпарат, деректер кездеседі. Оны оқып отырып, пәлсапалық ғұмырнамаға шомуға да болады. Мен бұл кітапты оқысам, оны өзімше түсінемін, егер сіз оқысаңыз, онда сіз де өзіңізше түсініп, өзін-өзі тануда жол табар едіңіз деп ойлаймын»,- дейді Нурфер Терджан.

Кітап авторының айтуынша, еңбек қарапайым халық оңай түсініп, кез келген адам қиналмай оқи алатын жеңіл тілде жазылған.

«Бастапқыда кітапты түрік тілінде жаздым. Кәсіби аудармашылар кітапты орыс және ағылшын тілдеріне аударды. Алдағы уақытта қазақ тіліне де аударылады деп ойлаймын»,- дейді зерттеуші.

 

Фото: twesco.org​