Қазақстанда Абай күні бекітіледі

Қазақстанда Абай күні бекітіледі

Қазақстанда тағы бір мереке пайда болуы мүмкін. Осыған сәйкес Үкімет қаулысының жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланды. Мәдениет және спорт министрлігі Абай күнін ақынның туған күні – 10 тамызда атап өтуды ұсынып отыр. Ресми белгіленбес бұрын ұсыныс 13 шілдеге дейін ашық талқыланатын болады.

Ұлы Абай  шығармаcы тағы бір әнге арқау болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында тұратын  журналист, ақын, ардагер ұстаз Зекебай Солтанбай  Абай Құнанбаевтың «Ғашықтық тілі – тілсіз тілсіз тіл» өлеңіне ән жазды. Жаңа туындының тұсау кесері Бұқар Жырау атындағы облыстық музейде өтті. Оны облысқа танымал жас әнші Бауырбек Бектеміров орындады.

«Бүгін міне менің ән қоржыныма Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Ғашықтық тілі – тілсіз тілсіз тіл» әні еніп отыр. Бүгін міне тұсауы кесіліп жатыр. Осы әннің ойы, мағынасы өте тереңде», - дейді  Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының артисі Бауырбек Бектеміров.

Айта кету керек, пандемияға байланысты  Павлодар өңірінде бүкіл мәдениет саласы толық онлайн - режимге көшті. Әлеуметтік желілер арқылы Ұлы ақынның меретойына орай 50-ге тарта мәдени шара өтті. Қаланың іргесінде тұрған Павлодар ауылында ұлы ақынның есімімен аталатын көше жөнделіп, 175 ағаш отырғызылған. Ал тамыз айында Абай Құнанаевтың ескерткіші бой көтереді.

«Әр сала, әр қала тұрғыны белсене қатысып, Абай жылын атап өтуде. Мысалы, мемлекеттік органдарға келетін болсақ, мемлекеттік мекемелерден басқа біздің трамвай басқармасы трамвай безендіріп, қала көшелерінде арнайы билбордтар орнатылды. Ең үлкен шараның бірі ол Абай Құнанбай ұлының  тұлғасына  Павлодар қаласында ескерткіш орнату», - дейді  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова.

Қазақтың бір туар тұлғасының туған күнін кең көлемде атап өту үшін  әр өңірде қызу дайындық жүріп жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Абай мен Шәкәрім бейнеленген 9 метрлік стелла бой түзеді. Ол хакімнің Жидебайдағы музей-үйінің кіреберісіне орнатылған. Биіктігі - 9,5 метр, ал жалпы салмағы - 3,5 тонна. Стелла Жидебай деген жазуы бар ашылған кітап түрінде жасалған. Сондай-ақ онда Шыңғыстаудың таулары көрініс тапты. Ең жоғарғы жағында жұлдыз тұр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: uralskweek.kz