Ұлттық домбыра күніне орай өңірлерде онлайн-байқаулар ұйымдастырылды

Ұлттық домбыра күніне орай өңірлерде онлайн-байқаулар ұйымдастырылды

Биыл мереке шілденің бесіне келіп тұр. Ұлттық домбыра күні 2018 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген болатын. Мерекені шілденің алғашқы жексенбісінде атап өту шешілді.

Ұлттық аспапты ұлықтауға Көкшетаудағы «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі үлес қосуды жөн санапты. Белсенділер дәстүрлі орындаушылар арасында онлайн-байқау ұйымдастырған. Өнер бәйгесіне іріктеу маусымның 26-сына дейін жалғасады. Талап бойынша, қатысушылар ұйымдастырушылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында өздерінің өнері жазылған бейнежазбаны жариялауға тиіс. Жеңімпаз дауыс беру арқылы таңдалады. Байқау үш аталым бойынша өткізіліп жатыр: үздік суырып салма ақын, дәстүрлі әндерді үздік орындаушы және үздік күйші. Ұйымдастырушылар игі шараның жастардың бойында рухани құндылықтарымызға деген құрмет сезімін қалыптастыруда септігі мол боларына сенімді.

«Онлайн жүйедегі бір керемет бастама деп айтар едім. Себебі, елдің ішінде қаншама танылмай жүрген жас дарындар бар, шыға алмай жүрген таланттар бар, осылардың өнерлерін, шығармашылығын халыққа насихаттау мақсатындағы тамаша жоба деп есептеймін. Ақмола облысы бойынша өздерінің өтініштерін білдірген өнерпаздар өте көп. Солардың ішінен мықтыларын іріктеп-іріктеп шығаратын боламыз», - дейді ақындар мектебінің жетекшісі Мұхамед Қоңқаев.

Ал павлодарлық отбасылар «Домбыра PARTY» онлайн-бәйгесіне қатыса алады. Қалалық мәдениет бөлімі тұрғындар арасында жарыс ұйымдастырған. Ол үстіміздегі жылғы шілденің 7-сіне дейін жалғасады.

 «Мақсат – отбасылық тату қатынастарды насихаттау, балаларды мәдени құндылықтарға баулу», - деп мәлім етті Павлодар қ. мәдениет бөлімінің жетекшісі Самал Бегалинова.

Домбырада ойнай алатын әр отбасы байқауға қатыса алады. Басты талап – ұзақтығы 3 минуттан аспайтын шығарманы, күйді домбырамен ойнап шығу. Бейнежазбаны gdkpvl.@mail.ru электрондық поштасына жолдау қажет

Кәсіпқой музыканттардан жасақталған қазылар алқасы орындаушылардың аспапты меңгеру деңгейін, орындау техникасын және артистизмін бағалайды.

Ұйымдастырушылар бірнеше номинация бекіткен: «Creative family» - креативті отбасы, «People's Choice Award» - көрермендер көзайымы, «Best video» - үздік бейнеролик, «Best performance» - үздік орындау.

Үздік бейнероликтер әлеуметтік желілерде жарияланып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

 

Фото: pavlodarnews.kz