«Астана Опера» театры елорда күні «Абай» операсын көпшілікке тарту етеді

«Астана Опера» театры елорда күні «Абай» операсын көпшілікке тарту етеді

6 шілдеге «Астана Операның» арнайы тартуы: ұлттық классиканың інжу-маржаны - Мұхтар Әуезовтің либреттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы онлайн түрде көрермен назарына ұсынылмақ.  

Басты партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» жетекші солисі Талғат Мұсабаев орындайды. Атақты баритонның айтуынша, көрсетілім үшін «Абай» операсы бекер таңдалмаған.

«Бұл спектакль «Астана Опера» репертуарында айтулы орынға ие. Осынау жауһар туындының қойылымы үшін театр ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленгені баршаға мәлім. Аты аңызға айналған операның тек біздің ғана емес, сондай-ақ өзге де қазақстандық опера театрларының афишасына сән беріп, көркін қыздырып келе жатқандығы қуантады. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтудеміз, Астана күнінде дәл осы спектакльдің көрсетілуі айрықша мәнді деп ойлаймын. Барша көрермендерімізге, соның ішінде театрымыздың трансляцияларын белсенді түрде бақылап отыратын шетелдік тыңдармандарымызға бұл спектакльде өте жоғары деңгейде көрініс тапқан Қазақстанның мәдениеті мен өнерін ұсынуға қуаныштымыз», - деп бөлісті Талғат Мұсабаев.

Оның айтуынша, Абайдың партиясы лирикалық баритон үшін емес, өте «мықты» баритон дауысқа арнап жазылған.

«Абайдың партиясы – қазақ опералық репертуардағы баритонға арнап жазылған ең жарқын әрі көрнектісі. Қарапайым емес осынау рөлді орындағанды қатты ұнатамын. Барша қазақстандықтар сияқты, мен үшін де Абай – ұлы ойшыл, ақын, философ. Адам бойындағы игі де асыл дүниенің барлығы осы қаһарманның мінезінен көрініс тапқан деп есептеймін. Партияны орындау оңай емес, себебі орындаушыға үлкен жауапкершілік артылған – осы бейненің барлық тереңдігін паш ету жүктелген. Музыкалық жағынан да бәрі сондай оңай емес, себебі партия лирикалық баритон үшін емес, өте «мықты» баритон дауысқа арнап жазылған. Оны мінсіз орындап шығу үшін, драматургия музыкамен үйлесе шығуы тиіс. Жас келе кемелдіктің шексіз екеніне көзің жетіп, сахнаға шыққан сайын ерекше реңктер табасың, өзің үшін тың мән-мағына көріп, Абайдың мәтінін басқаша оқып шығасың», - деп сөзін жалғады Талғат Мұсабаев.

Әнші келе жатқан қала күнімен құттықтай отырып, онлайн форматта көрсетілетін классикалық кешті өткізіп алмауға шақырды.

 

Фото: express-k.kz


×