«Астана Опера» көрсетілімдері онлайн режимде жалғастырылуда

«Астана Опера» көрсетілімдері онлайн режимде жалғастырылуда

Құнарлы қойылымдарымен көрермендерді қуанту, олардың рухани әлемін байыту міндетін жүктеген «Астана Опера» театрының ұжымы бірнеше премьераға дайындық үстінде. Ал алдағы күндері Youtube арнасы мен театрдың веб-сайтында ең танымал спектакльдер мен концерттердің жазбалары мен трансляцияларын ұсынады.

Бүгін, 18 маусымда, сағат 19:00-де көрермен қауым Жорж Бизенің «Кармен» операсын тамашалай алады. Кезінде қоюшы режиссер Лоренцо Аматоның осы бірегей спектаклінің елордалық театрдағы премьерасына билеттер бірнеше күнде сатылып кеткені белгілі. Проспер Мерименің осы аттас новелласының желісімен қойылған қойылым көптің көңілінен шыққан. Бұл –асқан сұлулығы мен тартымды тәкаппарлығы арқылы жігіт біткенді өзіне ынтық еткен испандық сыған қызы жайлы хикая. Жүрек қылын шертер музыка, жарқын бейнелер Жорж Бизенің әйгілі шығармасын асқақтата түсіп, әлемдік классиканың көрнекті туындыларының біріне айналдырды.

21 маусым күні сағат 19:00-де көрермендерді көңілді әуендер мен қызықты тосын сыйлар кеші күтеді. «Музыкалық калейдоскоп» концертіне опералық труппаның  жетекші солистері, Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі симфониялық оркестр және хор артистері қатысады.

6 шілдеде сағат 18:00-де «Астана Опера» театрының жетекші солистерінің қатысуымен «Абай» операсының жазбасы ұсынылады.

«Біз барша Қазақстан халқын келе жатқан мереке – Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Осындай жарқын мереке күні барлығымыздың басымызды ән-мен күй біріктірсін. Өнерімізді сүйіп, жоғары бағалайтындар үшін ұлттық классиканың інжу-маржаны саналатын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан онлайн трансляция дайындап қойдық. Жақын уақытта «Астана Опера» театры классикалық өнерді бағалаушыларға есігін айқара ашады деп сенеміз. Ең алдымен, әр отбасына денсаулық, бейбітшілік және амандық тілейміз», - деді «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: harpersbazaar.kz