АҚШ киномамандарын таңқалдырған «Томирис»

АҚШ киномамандарын таңқалдырған «Томирис»

Қазақстандық режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмі АҚШ асып, кино саласы мамандарының жоғары бағасына ие болды. Атап өтсек, көркем туындының АҚШ аумағында тарату құқығын америкалық компания сатып алған. Тарихи картина туралы Variety, Hollywood Reporter және Screen Daily сынды басылымдар жарыса жазып жатыр.

«Бұл эпикалық фильм таңғажайып пейзаждармен көркемделіп, жоғары сапада түсірілгендіктен, көрермендерді бірден баурап алатыны сөзсіз», деп жазды Variety апталығы.

Ал фильмді АҚШ аумағында тарату құқығын сатып алған компанияның президенті және атқарушы директоры Дорис Пфардрешер «Таңғажайып оқиғаларды біз ерекше ұнатамыз. Сондықтан да «Амазон патшайымының» құпияға толы оқиғасы басқаларға қарағанда сенімдірек», деп Hollywood Reporter тілшісімен пікір бөлісіпті.

Кинокартинаны тамашалаған америкалық сарапшылар оның көркемдік мазмұнына айрықша баға беріп отыр.

«Қазақстандық және америкалық кинопродюсер, Қазақстанның Лос-Анджелестегі құрметті консулдығының басшысы Гия Нұртас осы жобамен таныстырған кезде фильмнің әлеуетін бірден байқадық», – дейді олар.

«Томирис» картинасын тамашалаған көрермен туған халқын қорғап қалу үшін тағдырдың ең қатал сынағына төтеп беруге дайын жауынгердің айбаттылығына, жер бетіндегі ең қуатты империяға қарсы шығудан тайсалмаған жаужүректігіне таң қалары сөзсіз», деп жазады Screen Daily басылымы, тағы бір америкалық киносарапшының пікірін келтіре отырып.

«Томирис» фильмін режиссер Ақан Сатаев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірген. Тарихи кинокартина парсылар билеушісі Кирдің патшайым Томирис бастаған массагеттермен соғыста ойсырата жеңіліс табуы туралы Геродот жазбаларының негізінде түсірілді. Басты рольдерді сомдауға Еркебұлан Дайыров, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Альмира Тұрсын, Әділ Ахметов, Гасан Масуд және т.б. актерлер тартылды.

 

Фото: 24.kz