«Астана Операның» жетекші солисі өмірден озды

«Астана Операның» жетекші солисі өмірден озды

«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов 10 маусым күні қайтыс болды. Жақында белгілі әртіс жол апатына ұшыраған еді.

«Оның асқақ армандары, жоспарлары көп еді, әттең, ойда жоқта өмірі тоқтады. Қош бол, біздің Тайыр. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы балеттің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Талғатұлы Ғатауовтың қайғылы қазасына қайғырып, туыстары мен жақындарына көңіл айтады»,- делінген хабарламада.

Оралдық Тайыр Ғатауов би ұстазының отбасында дүниеге келген, әкесі оған бала күнінен бастап заманауи және халық билеріне деген махаббатты бойына сіңіріп, А.Селезнев атындағы хореографиялық училищесіне оқуға берген. Училищені үздік тамамдаған соң, Тайыр Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі атанады. 2007 жылы аты аңызға айналған миландық Ла Скала театрында тағылымдамадан өтіп, 2013 жылы «Астана Операның» жетекші солисі болды. 2018 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясын тамамдап, «Өнертану ғылымдарының магистрі» біліктілігін алды.

Тайыр Ғатауовтың есімі қазақстандық балет жылнамасына мәңгілікке жазылды. Оның еңбегі баға жетпес. Ол – елордадағы хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі. Солист Қазақстанның мәртебесін шетелде асқақтатып, Франция, Венгрия, Италия сияқты елдердің үлкен сахналарында өнер көрсеткен. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дебюттер достастығы» ТМД жастар сыйлығының лауреаты атанды.

 

Фото: tengrinews.kz