Қазақстанның таңғажайып табиғатына француз тілінде ән арналды

Қазақстанның таңғажайып табиғатына француз тілінде ән арналды

Тың туындының мағынасы да терең. «La terre en heritage» - «Ғаламшар – біздің мұра» Жер бетіндегі флора мен фаунаның әралуандылығын сақтап қалуға үндеу іспеттес. Сөзі мен әнін Рүстем Әбдрахманов пен Әсем Әбдіқасымова жазған.

Туындыға арнап бейнебаян да түсірілді. Қазақстанның керемет пейзаждарымен қатар онда еліміздің қоршаған ортаны қорғау бағытында қолға алған шаралары да көрініс тапқан. Авторлардың айтуынша, ең бастысы - әр адам мәселенің маңыздылығын түсініп, түйсінуі тиіс. Жердің әр бұрышы өзінің қайталанбас табиғатымен ерекше, біз оны келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырамыз.

«La Terre en héritage» әнінің бейнебаянына енген Қазақстан аймақтарының көз тартар көріністері арқылы авторлар бүкіл жер бетіндегі халыққа табиғатты қорғап, сақтаудың өзектілігін жеткізгісі келген.

«Бұл қазақ жерінің керемет сұлулығы туралы, оны балаларымызға сол күйі сақтап қалудың маңыздылығы туралы, оны қорғау үшін қазірден ойлану керектігі туралы туынды», - дейді Әсем Әбдықасымова.

«La terre en heritage» әні және бейнебаяны Францияның Қазақстандағы елшілігінің көркемдік тапсырысы бойынша жазылды. Жалпы айтқанда, бұл елшіліктің 2020-2021 жж. арналған мәдени бағдарламасының атауы. Онда табиғи мұраны қорғауға басымдық берілген.

 

Фото:  astana.zagranitsa.com