Акциялар және фестивальдер: мейрамханалар дағдарыспен қалай күресуде?

Акциялар және фестивальдер: мейрамханалар дағдарыспен қалай күресуде?

Шанхайда тағам талғағыштардың халықаралық фестивалі басталды. Дүниежүзілік шара бір ай бойы жалғасады. Оған әлемнің 42 елінен 2 мыңнан аса мейрамхана және 300 бренд қатысуда. Фестивальде жапондардың суши, қытайлардың Бейжің үйрегі, техасша барбекю, француздардың фуа-гра сынды ұлттық аспаздықтардың тіл үйірер тағамдары ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қазіргідей қиын-қыстау уақытта қоғамдық тамақтану орындарына қолдау көрсету шарасы. Дәл осы сала коронавирустан ең көп зардап шекті. Қазір Қытайдағы ахуал жақсарып келеді, Шанхайдағы шара саланың қайта жандана түсуіне ықпал етеді деген сенім бар.

Өз кезегінде, рестораторлар фестивальге қатысуға қуана келіскен, олар бұл шара тұтынушылардың қызығушылығын оятады деп үміт артады.

«Мосакхан қуырылған тауық еті – бұл Таяу Шығыста, әсіресе, Дубайда аса танымал ас түрі. Меніңше, фестиваль қонақтарына ұнаған сияқты!», - дейді Біріккен Араб Әмірліктерінен келген бас аспаз Вассим Отхман.

«Біз элиталы француз тағамдарын әзірлейміз. Ондай мейрамханаларға жеткізу қызметін ұйымдастыру қиын. Өйткені қонақтар тағамды бағалай алмайды, ол үшін арнайы атмосфера қажет. Сол себепті карантин уақытында біз жұмыс істеген жоқпыз. Қазір соның салдарын сезініп отырмыз», - дейді қытайлық бас аспаз Ли Цзянь.

«Пандемиядан қатты зардап шектік, сол себепті Шанхай тұрғындарына тай аспаздығының тағамдарын ұсыну мүмкіндігін пайдаланып қалуды жөн көрдік. Клиенттерімізді көбейтіп, ісіміз оңалатынына үміттенеміз», - дейді тай мейрамханасының бас аспазы Пи Нун.

Халықаралық тағам талғағыштар фестивалінің ашылуында әрбір қатысушы өзін таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Әлемге танымал мейрамханалардың аспаздары кулинарлық шоу көрсетсе, жергілікті наубайханалар, пиццериялар мен суперпмаркеттер промо-акциялар ұйымдастырды. Мұндай шаралар тұтынушылар тарапынан сұранысты арттыра түседі, деп сенеді ұйымдастырушылар.

 

Фото: 100dorog.ru