Art talk: ХХІ ғасырдағы жаппай цифрландыру дәуіріндегі суретшінің рөлі

Art talk: ХХІ ғасырдағы жаппай цифрландыру дәуіріндегі суретшінің рөлі

Қазақстан Ұлттық музейі ұйымдастырған Art talk форматындағы жаңа жоба әлемнің талантты суретшілерінің, кіл мықты кескіндемешілер, мүсіншілер, графикалық суретшілер және басқа да қолөнер шеберлерінің басын қосты. Бүкіл әлемде қолданылып жүрген жұрт алдындағы кездесудің осы форматының ерекшелігі сол, өнердің әртүрлі бағытындағы суретшілер, сарапшылар, музей ісі саласындағы мамандар және заманауи өнер өкілдері мен тындармандар арасындағы жанды диалогтың болуында.

Art talk жобаның алғашқы іс-шарасы онлайн режимінде өтті. Пікірталастың басты тақырыбы ХХІ ғасырдағы жаппай цифрландыру дәуіріндегі суретшінің рөлі болды. Іс-шара барысында спикерлер цифрлы ортаның дәстүрлі көркем ортаға бірігуі тақырыбына да ой қозғады. Қатысушылар жаңа цифрлық технологияның өнерге және шығармашылық әрі кәсіби дамуға әсерін, суретшінің басты міндеттері мен оның қоғамдағы рөлі қандай екенін де талқылады.

Заманауи өнердің жүрек соғысы: Қазақстанда әлемнің ең үздік суретшілері жиналды

Қатысушылардың пікірінше, Art Talk сан алуан көркемдік жанрдағы заманауи трендтердің бір бөлігі іспеттес. Жобаға қатысушылардың бірі – мәскеулік суретші Анна Шевцова. Ол пандемия кезінде медициналық маманның иконографиясы туралы баяндады. Оның айтуынша, әр түрлі елдердің суретшілері қазіргі медиа күн тәртібіне қатты көңіл бөледі.

«Бұл қазіргі заманғы өнердің серпіні және Орталық Азия елінің жүрегі болып саналатын Қазақстанда өтуі өте орынды. Мен дәрігерлерге арналған жұмыстарды біріктіруге болатын алты негізгі суретті немесе сюжеттік топтарды анықтадым. Бұл Супермен, әулие, құрбан, дәрігер Айболит, оба дәрігері және адам. Мен архетиптік бейнелерді жасаушы әртүрлі авторлардан, атап айтсам, Banksy мен Дуи Ханядан бастап Сергей Елкинге дейін мысалдар келтірдім», - деді Анна Шевцова.

Инфекцияның таралуына байланысты - барлық музейлер карантинге жабылып, пандемия басталғалы әлемдегі музейлер цифрландыруға көшті. Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша, миллиондаған көрермен сүйікті өнер туындыларын тамашалау үшін ғаламтор арқылы музейлерге саяхат жасауда. Қазір үйден шықпай-ақ, Лувр, Мәскеудегі Третьяков галереясын аралай аласыз. Дағыстандық Әлібек Қойлақаев та цифрландыруды жоғары бағалады. Ол технология дамыған заманда интернетті өз пайдаңа асыруға мол мүмкіндік бар екендігіне сенімді.

«Әлеуметтік желілер бизнесті дамытуға мол мүмкіндік береді. Қазір интернет желісі арқылы картиналар сатуға да болады. Бұл сіздің атыңызды, жұмысыңызды насихаттау болып келеді. Енді сайттар, галереялар сатылымдары да ашылды. Мұражайда сол суреттерді көруге болатын жаңа орындар пайда болады. Яғни, әлеуметтік желілер - суретшінің өзін көрсетудің керемет құралы», - деді суретші Әлібек Қойлақаев.

Қатысушылардың пікірінше, цифрлық формат әрқашан өзекті және суретшілердің уақытын үнемдейді. Алайда, суретшілер цифрландыруды тек көмекші құрал ретінде пайдалану керек деген байламға келді. Галереялар жаңа технологияларды енгізуі керек, бірақ бұрынғыдай жұмысын жалғастыруы тиіс. Қатысушылар мұражайлардағы тіршіліктің орнын ешнәрсе алмастыра алмайтындығын атап өтті.

«Пандемия кезінде картиналармен және өнермен байланысты көптеген тың жобалар пайда болды, біз көрермендердің цифрлық қабылдау өрісін көтеру мәселесін қарастырдық. Бүгінгі таңда көптеген суретшілер digital art форматында жұмыс істейді. Сонымен қатар пандемия кесірінен музейлердің 13 пайызының есігі мәңгіге жабылды. Сондықтан біз көрерменге шынайы өмірде суреттер мен артефактілерді тамашалау мен қабылдаудың маңыздылығына ештеңе жетпейтінгіні айтқымыз келеді», - деді ҚР Ұлттық музейінің қазіргі заманғы өнер бөлімінің басшысы Мадина Досаманова.

Сондай-ақ кездесуде суретшілер жас қылқалам шеберлерінің ғаламтор арқылы білім алуы, заманауи өнердегі әдіс-тәсілдер, сандық театр жобалары және тағы басқалары туралы әңгімеледі.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: bhwclub.org