ШЫҰ бас хатшысы пандемия жағдайында мәдени алуандылықты қорғауға шақырды

ШЫҰ бас хатшысы пандемия жағдайында мәдени алуандылықты қорғауға шақырды

Бүгін, 21 мамырда Дүниежүзілік диалог пен даму үшін мәдени алунадылық күні атап өтіледі. БҰҰ Бас ассамблеясы атаулы датаны 2001 жылы ЮНЕСКО-ның бастамасымен жариялаған болатын.

Осы орайда Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы елдер мен халықтар арасындағы диалог пен өзара ықпалдастыққа жағдай жасайтын әлемдегі мәдени алуандылықты қорғауға шақырды.

«Бізге диалог пен даму үшін мәдени алуандылықтың маңыздылығын қорғау жолындағы күш-жігерімізді біріктіру қажет. Бұл – адамзатқа төнген қауіп-қатерлермен, соның ішінде COVID-19 пандемиясымен күрестегі ең мықты моральдық қолдау», - деді Владимир Норов.

ШЫҰ бас хатшысының айтуынша, осы күні өткізілетін шаралардың мақсаты – адамзаттың мәдени алуандылығының құндылықтарын және өркениет мұрасын насихаттау. Ол ұйым қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық болып табылатынын атап көрсетті.

«Мәдени әлеуетті нығайтудың маңыздылығын мойындай отырып, біздің ұйым өркендеуді, орнықты дамуды және жаһандық бейбіт тірлікті қамтамасыз ету арқылы мәдени алуандылықты қолдауға елеулі үлес қосып келеді», - деп атап көрсетті Владимир Норов.

 

Фото: sng.today