Өнер ордаларының онлайн жобалары

Өнер ордаларының онлайн жобалары

«Астана Балет» театры мен оның тарихы жайлы онлайн-экскурсия топтамасы әзірледі. Өнер ұйымы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «OnStage/Online» деп аталатын жоба осы заңғар өнердің қалыптасу тарихы, оның этикасы, көрермендері мен бастау бұлағында тұрған жандар жайлы баяндап береді. Театрдың жетекші солисі Дилара Шомаева шақырылған қонақтармен бірге репертуарлық қордағы қойылымдардың құпия белгілері мен мазмұнының сырын ашады.

«Бұл жоба ең алдымен, өнер сүйер қауымға балет өнері жайында қызықты әрі жеңіл тілмен тсінікті мағұлмат беруге бағытталған. Біздің жаңа шығарылымдарымызды тамашалаған көрермен театрды өзге қырынан танитын болады. Ең бастысы, театрға келгенде осы қимыл  арқылы балетмейстер нені жеткізгісі келді, қойылымдағы жарық пен сахнаны әрлеуге қатысты көпшілік біле бермейтін дүниелерді түсініп, саф өнердің қыр-сырына үңіледі. Көрермен балет өнеріне қатысты өзіне қажетті жаңа ақпарат алатынына сенімдіміз. Біз ол үшін көп жұмыс жасап жатырмыз», дейді театрдың жетекші солисі Дилара Шомаева.

Алғашқы хабар театр тарихына арналды. Ал, 22 мамыр күні сағат 20:00-ге жоспарланған екінші хабардың қонағы – «Астана Балет» театрының қоюшы-хореографы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти болмақ. Сұхбат барысында театрдағы ұлттық нақыштағы дүниелер жайлы, жалпы, қазақ биінің болашағы жайлы сөз қозғалмақ. Сонымен бірге, көрермен қауым көне заманнан осы күнге дейінгі ұлттық хореографияның тарихынан құлағдар бола алады.

Ал 29 мамырда театрға бару дәстүрі сөз болмақ. Яғни, б.з.д. 5 ғасырдағы ережелер мен қазіргі кезде қалыптасқан тәртіп, сонымен бірге, өзге де дүниелер айналасында әңгіме өрбиді. Хабар қонағы - «Астана Балет» театрының хореографы Рикардо Амарантемен бірге оның бірегей қойылымдарының атмосферасына еніп, жалпы, балет шығару үрдісі баяндалады. Экскурсиялар «Астана Балет» театрының ресми Youtube-арнасында көрсетілмек.

Ал «Астана Опера» YouTube арнасында 25 мамыр күні сағат 20:00-де «Жаннат Бақтай онлайнға шақырады» концерті өтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театрдың жетекші солисі осы музыкалық кеште өзіне арнайы жазылған шығарма орындалатынын айтты. Сондай-ақ, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай туындылар орындалмақ.

«Ұлы ойшыл, ақын әрі композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында өз музыкалық тартуымды жасағым келді. Бағдарламаға оның тыңдарман құлағына сіңген ең танымал әрі сүйікті әндерін енгіздім. Концерт аясында олар попурри түрінде орындалатын болады. Театрымыздың репертуарында ұлттық классиканың жауһары – барлық гастрольдерімізде беткеұстар қойылым ретінде ұсынылатын А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы болғандықтан, әрине, осы операдан үзінді орындап бергім келеді. Көпшілік назарына сипаты жағынан халық әндеріне жақын келетін Ажар мен Айдардың дуэті ұсынылады. Концерт онлайн форматта өтетіндіктен, оның қабылдауға жеңіл болуын қаладым, сондықтан бағдарламаға күрделі арияларды енгізбедім, музыкалық кеш репертуарын эстрадалық композициялармен түрлендірдім», дейді Жаннат Бақтай.

Концертке екі концертмейстер – «Астана Опера» опера труппасының бас концертмейстері Елена Сахно және танымал композитор Әліби Әбдінұров қатысады. Сонымен қатар, сахна төріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің Кавалері Медет Чотабаев және болашағынан зор үміт күттіретін Нарұл Тойкенов шығады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: elorda.info