Жыл сайынғы «Музейдегі түн» акциясы биыл онлайн режимде өтеді

Жыл сайынғы «Музейдегі түн» акциясы биыл онлайн режимде өтеді

18 мамырда Халықаралық музей күні атап өтіледі. Өткенге үңіліп, саяхат жасуда дәстүрге айналған «Музейдегі түні» акциясы карантинге байланысты биыл онлайн форматта өтеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Бір біргеміз» бағдарламасы аясында көрермендер назарына музей залдары бойынша түсірілген «Ұлы Дала жауһарлары» атты бейне-сұхбаттар топтамасы және «Ұлттық музей – ұлт айнасы» атты деректі фильмдер ұсынылады. Көрермендер мұражай залдарына виртуалды экскурсия жасап, елге танымал тарихшылардың сұхбаттарын тыңдайтын болады. Мазмұнды бағдарлама сағат 17.00-де басталып 21.00-ге дейін жалғасады.

Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражай да өз көрермендеріне халықаралық музей күніне орай бірқатар қызықты онлайн шара әзірлеп қойды. «Музейдегі түн - 2020: 15 жылдағы ең жақсы оқиғалар шежіресі», «Ғажайып әлем балалар көзімен» көрмесі, түрлі бейне бағдарламалар, мұражайдың қасиетті мәдени-ағартушылық қызметі, квесттер, археология бойынша онлайн-викторина ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Бірегей артефакт: Орталық музей қорларындағы «Аққу ішік», «Мумияның фрагменті, Фива көне қаласы», «Ділданың домбырасы» атты бейне презентациялар өтеді. Экскурсиялар 18 мамырда 17:00-ден 21:00-ге дейін Facebook пен Instagram желісіндегі мұражай парақшаларында болады.

Ал Әбілхан қатеев атындағы «Мүзей түні» бағдарламасы 18 күні басталып мекеменің Facebook-тегі парақшасында жүргізіледі және 19 мамыр 02.00-ге дейін жалғасады. Онлайн режимде болғанымен қазақстандықтарды мазмұнды бағдарлама күтіп тұр, дейді мұражай ұжымы.  Өнерсүйер қаумының назарына түрлі бейнеэкскурсиялар, виртуалды вернисаж, бейнеконцерттердің тікелей көрсетілімі ұсынылады.

Еске салайық, Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы 18 мамырда Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: strategy2050.kz