«Күлтөбе қалашығы» – Ұлы дала елі тарихының қайнар көзі

«Күлтөбе қалашығы» – Ұлы дала елі тарихының қайнар көзі

Қойнауы қазынаға бай, тауы мен тасы тарихтан сыр шертетін киелі Түркістан өңірі – Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы саналады. Мамандар «Күлтөбе қалашығының» аймақтағы тарихи-мәден ескерткіштер тізбегінде ең танымал туристік тораптың біріне айналатын әлеуеті зор екенін атап өтеді. Саяхатшылар ағынын арттыруда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында ашық аспан астындағы мұражай-паркінің ашылуы үлкен сеп болмақ. Мамандардың пікірінше, нысан іске қосылған сәтте мұнда келетін туристердің саны 1,5 миллионан 7 миллионға дейін артуы мүмкін. Қазірдің өзінде ежелгі өркениет үлгісін тамашалауға қызығушылық танытатын жандар тарихқа саяхат жасап, археологтар мен сарапшылардың әңгімесін тыңдай алады.

«Еліміздегі Күлтөбе қалашығы» паркін кұру барысында Блисбрук-Рейнхейм еуропалық археологиялық паркі, Жапониядағы Ёсиногари тарихи паркі, Франциядағы «Жабайылар дәуірінің мұражайы», АҚШ-тың «Паркин» археологиялық паркі, Ұлыбританияның көне қалаларды сақтау бағдарламасы, Италиядағы ашық аспан астындағы «Помпей» сынды    әлемдік мұражайлардың тәжірибесіне сүйендік. Еуропалық парктер түрлі тархи кезеңдер мен дәуірлердің ерекшелігін сипаттайтын іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрады», - дейді жобаның ғылыми жетекшісі Андрей Хазбулатов.   

Жобаға жетекші әлемдік және отандық сарапшылар, ғалымдар, археологтар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар тартылған. Күлтөбеде ең көне ескерткіштер біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырларға, ал ең бергісі – қазақ хандығына тиесілі болып отыр. Яғни, Күлтөбе қалашығы – дала тарихының жүздеген жылдарға жалғасқан жылнамасының куәгері. Бұл – барлық Орталық Азияның экономикалық және саяси мүдделерінің тоғысатын орны, Ұлы даладағы сауда және әлеуметтік мәдени орталықтардың түйісетін жері. Қазақ хандығының саяси шешімдер қабылдаған құтты мекені. Мұнда хас шеберлер жиналып, өз білімдері мен тәжірибелерін бөлісті. Бірегей тарихы бар қалашықтың өткенін барынша кеңге таныту керек, дейді мамандар.

«Археологиялық парктің базалық аймағы 27 гектар жерді алып жатыр. Бұл көнеден бергі 50-ден астам археологиялық ескерткіштің мекені. Көптеген әлемдік археологиялық парктер тек бір ғана кезеңді қамтиды. Ал Күлтөбе тұрмыстық және ғұрыптық салттың 4 бірдей тарихи кезеңін өзіне сіңіріп, әрбірінің ерекшелігінен сыр шертеді. Сондықтан сол әрбір дәуірге жеке-жеке тоқталуға бел будық», - дейді жобаның ғылыми кеңесшісі, академик Бауыржан Байтанаев. 

Осылайша, архелолгиялық парк 4 бірдей тақырыптық аймақтан тұратын болады.

«Ең алғашқы аймақ Қангүй дәуріне арналады. Бұл жерде қамал мен кірес тәрізді храмды тамашалауға болады. Олардың бәрі жақсы сақталған. Сондай-ақ, алтыннан соғылған, жартылай бағалы тастармен безендірілген әшекей бұйымдармен, ескі тыйындар, адам пішінді мүсіндер,  ғұрыптық салтқа тиесілі жәдігерлермен танысу мүмкіндігі жасалады. Келесі аймақ Күлтөбенің ерте ортағасырлық кезеңдегі тыныс-тіршілігінен сыр шертеді.  Онда Көне шаһардың бізге дейін жеткен құрылыс нысандары көрсетіледі. Тұрмыстық бөлмелер, шаруашылық ғимараттар мен шеберханалардың дәл үлкілері қанат жаяды. Сол кезеңге тән қыш бұйымдар жасайтын көзешілердің екі қабатты пеші табылды. Бірегей жәдігердің құрылысы да өте ерекше. Анықталған ескі заттардың арасында тұрмыстық ғұрыптық салттардың жабдықтары, тыйындар мен қыш бұйымдардың сынңан бөліктері бар. Сондай-ақ, аз зерттелген орталықазиялық нақышта безендірілген хош иісті түтін шығаратын аспап көпшілік назарына ұсынылады.

Үшінші аймаққа тоқталатын болсақ, ол ортағасырлық кезеңге арналған. Бұл уақытта Күлтөбе мәдени-рухани және саяси-экономикалық ірі орталыққа айналып, Ясы қаласы  деп аталды. Ондағы қамалдың қас беті күйдірілген саздан жасалған кірпіштен қаланған. Олар тұтастай ойылған тең жақты кірес тәрізді өрнектермен безендірілген. Сондай-ақ, көптеген құрылыс нысандары табылды. Түрлі бағытта пайдаланылған 20 ғимараттың төртеуі діни рәсімдерге арналған. Қираған бекіністің бөліктері анықталды. Тұрмыстық жабдықтар мен қыш бұйымдар, үйдің қас бетін әрлейтін кірпіштер де осы кезеңге жатады.

Енді бір тақырыптық аймақ Күлтөбенің Қазақ хандығы кезеңіндегі тарихын қамтиды. Осы дәуірде жан-жақты дамыған шаһар Қазақ хандығының астанасы болды. Инженерлік- инфрақұрылымдық желісі дамытылды. Осы дәуірге жататын тыйындар, керамикалық бұйымдар, көне кітаптар мен қолжазбалар, қыштан жасалған балаларға арналған түрлі  ойыншықтар сынды жәдігерлер ұсынылады», - дейді жобаның ғылыми қызметкері Жанерке Шайғозова.

Алдағы уақытта археологиялық парктің аясында этнографиялық бөлім құрылатын болды. Онда қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлердің түпнұсқаларының көшірмелері, қайта жаңғыртылған Күлтебе тұрғындарының ұлттық киім үлгілері ұсынылмақ.

Әзірге киелі мекенге қатысты барлық ақпараттық деректермен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде https://kultobe.com сайтында танысуға болады.

Бүгінде жоба қатысушыларының алдында ЮНЕСКО халықаралық ұйымының ұсынысына сай археологиялық нысандардың табиғи маитериалдарды қолдану арқылы түпнұсқасын жаңғыртып, 3D форматында қосымша шынайылық үлгісін жасау мақсаты тұр. Осылайша, Күлтөбе қалашығының заманауи мультимедиялық тұғырнамасын құру көзделген. Заманауи модель арнайы жүктелген мобильдік қосымшаны QR-кодқа нұсқау арқылы киелі шаһардың кез-келген нысанын көруге мүмкіндік береді. 

Ашық аспан астындағы мұражай есігі карантин аяқталысымен ашылатын болады. Кәсіби гидтер мен археологтар танымдық экскурсиялар жүргізеді. Кіру тегін. Күлтөбе паркінің  ресми таныстырылымы 2021 жылға жоспарланған. Ғалымдар оның Қазақстандық қалалар мәдениетін зертеудің бірегей орталығына айналатынына нық сенімді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов