Gorky FM тұңғыш театр радиосы Жеңіс күнінде мерекелік бағдарлама ұсынады

Gorky FM тұңғыш театр радиосы Жеңіс күнінде мерекелік бағдарлама ұсынады

Әуе толқынында Gorky FM! Қазақстандағы тұңғыш театрлық радиостанция 9 мамыр күні арнайы жоба ұсынады. Биыл Ұлы Жеңіс мерекесін жылдағыдай кең көлемде құлаш жайып қарсы алу мүмкіндігі болмайтыны белгілі. Сондықтан М.Горький атындағы орыс драма театрының ұжымы өнерсүйер қауыммен онлайн байланысқа шығып, тыңдармандарға мерекені барынша сезіндіретін қызықты бағдарлама әзірлеп жатыр.

«9 мамыр күні сағат 17:00 тікелей эфирге шығамыз. Мерекелік бағдарлама аясында үш сағат бойы Ұлы Отан соғысына қатысты қызықты деректер келтіріп, Ұлы жеңіске арналған жыр-шумақтары оқылады. Тетрдың  актерлері соғысқа қатысқан ата-әжелерінің естеліктерімен бөліседі. Поэзиядан бөлек, соғыс жылдарындағы сүйікті әуендер ойналып, әндер шырқалады», - дейді театр актері Сергей Маштаков.

Карантин кезінде құрылған онлайн тұғырнама арқылы оқшауланған өнерсүйер қауыммен қауышуға жол тапқан шығармашыл топ алғашқы эфирлерінде театрдың тыныс-тіршілігі баяндады. Кейін тақырыптық аясы кеңейіп, әлем классикасының жауһарлы қойылымдары жайында сөз қозғала бастады. Қазір тұрақты екі бірдей айдары бар. Оның бірі – актерлер Ұлы Отан соғысына арналған өлеңдер оқитын поэзия кештері. Сондай-ақ, «Қазақстандық театр балалар үшін» атты жобасы тағы бар. Онда еліміздің дарынды жастары Ұлы Абайдың қара сөздерін, тарихи тұлғалардың және заманауи ақындардың өлеңдері мен Ұлы Жеңіс қарсаңында соғысқа қатысты туындыларды жырлайды, дейді жоба авторы.

«Қазір эфирге үйден шығып жатырмыз. Карантин аяқталған соң студияны театр қабырғасына көшіріп, радиостанцаның жұмысын жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Тақырыптар түрленіп, тұрақты айдарлармен қатар актерлер төл жобаларын ұсынатын болады. Кейін бұл іске өзге театрлардан  әріптестерімізді қоссақ дейміз. Аудиоспектаклдер жазу да ойымызда бар. Радио жұмысы жалғасын табуы үшін осындай  ауқымды жоспарлар құрып қойдық», дейді жоба авторы Сергей Маштаков

Тыңдармандар тікелей эфирде қоңырау шалып, қызықтырған сұрақтарын @gorkytheatre инстаграм парақшасында қоя алады. Айта кетейік, бүгінде Қазақтанның әр өңірімен қатар, Ресейден де хабарласып жатқандар бар, дейді Сергей Маштаков.

Бүгінде Gorky FM Интернет желісінде аптасына екі рет эфирге шығып тұрады. Болашақта оның санын еселеу көзделіп отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: ksors.kz