Пандемияда туған өлең әлемнің бірнеше тіліне аударылды

Пандемияда туған өлең әлемнің бірнеше тіліне аударылды

Қазақ ақынының дүниежүзін жайлаған пандемияға байланысты жазған «Мінәжат» өлеңі бір айға жетпей әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Күні кеше дұға түріндегі өлең иврит тіліне тәржімаланды. Қазақстан Республикасының Израильдегі елшілігі Әсия Бағдәулетқызының көмегімен алдымен ағылшын тіліне аударып, бейнебаян жасаған.

«Еврей халқы бұл өлеңді ерекше ұнатып, иісі қазақ жұртына өз ризашылығын білдіріп жатыр дейді. Бұл шаруаны басынан аяғына дейін атқарған елшіліктің бірінші хатшысы Асқаров Жандос Жаңаберліұлы бауырыма ерекше алғыс айтқым келеді. Израильдегі біздің елшілік «елдестірмек елшіден» деген қағиданы іс жүзінде дәлелдеп жатқанына дән риза болдым. Күллі адамзат аман болсын!»- деді шығарма авторы Ақберен Елгезек.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің «Мінәжаты» қатерлі індет қыспаққа алған кезеңдегі қазақ қоғамының ұраны мен тілегіне айналғандай.  Жүректен шыққан туынды туынды жүректерге жетіп, бүгінде «Мінәжәт» иврит пен ағылшын тілінен бөлек қырғыз, өзбек, түрік, әзербайжан, ұйғыр тілдерінде де сөйледі.

«Бұл тек  карантинге байланысты емес, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген қағидасы бойынша жазылған.  Сондай-ақ, амандық тілеген  ақынның бір мінәжәті болды. Соның басқа тілдерге де аударылып  жатқан себебі бұл адамзатқа ортақ дүниетанымнан туған өлең болғандықтан,барлығы аударып, өз тілдерінде мінәжәт етіп жатыр.  Сонымен қатар Лондонда бейнебаян дайындалуда. Испанияда да испан тіліне аударылып жатыр. Демек бұл бүкіл әлемге таралатын ортақ біздің жан айқайымыз, үніміз іспеттес»- дейді автор.

«Мінәжат» өлеңін жаппай аударумен бірге, композитор Құрман Акбария ән жазып, өнер жұлдыздары бейнежазба таратуда.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: abai.kz