Қазақстан гимні ұйғыр ұлттық аспаптарында орындалды

Қазақстан гимні ұйғыр ұлттық аспаптарында орындалды

Еліміздің әнұраны ұйғыр халқының дутар, тәмбир, нәй аспаптарының сүйемелдеуімен шырқалды. Ұзақтығы 2 минут болатын бейнежазба Ақтөбе облысының «Қоғамдық келісім» КММ инстаграмдағы assambleya_alemi парақшасында жарияланыпты. Ұйғырлар этномәдени бірлестігінің өкілдері бірлесіп мемлекеттік гимнді орындау арқылы Қазақстан халқының бірлігі бүгінгі күннің ең асыл қүндылығы екенін жеткізуді ниет тұтқан. Бейнероликтің өмірге қалай келгені туралы тілшімізге идея авторы Долкунжан   Шавдунов айтып берді.

«Инстаграмда Қазақстан жұлдыздарының бірлесіп мемлекеттік гимнді орындаған бейнежазбаны көрдім. Сөйтіп, ұйғыр аспаптарының сүйемелдеуімен ұйғыр эстрадасының өкілдерін тартып, осындай ролик түсіру ойы келді. Достарым Азиз Сайптулла және Фируза Джалаловамен ақылдасып, әнұранның жолдарын әр орындаушыға бөліп бердік. Дутар, тамбир, нәй, гитара аспаптарында орындаған музыканттарды бөлек жаздық. Карантин болғандықтан, бәрін үйде жасадық. Әуенін көркемдеуге белгілі маман Ильяр Машуров атсалысты. Бәріміз шын ниетпен жұмыс істеп, жүрегіміздегі ізгі тілегімізді жеткізгіміз келді», - дейді Долкунжан   Шавдунов.

Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтындағы мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстандағы ұйғырлар саны - 245,7 мың адам. «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйғыр мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тілін сақтау орталығы болып табылады. Бүгінде елімізде ұйғыр тілінде 11 газет-журнал жарық көрсе, Қазақ радиосынан апта сайын ұйғыр тілінде хабар таратылады. Алматыда әлемдегі алғыз кәсіби ұйғыр театры – Құдыс Қожамьяров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театры жұмыс істейді.