«Астана Балеттен» алғашқы онлайн-премьера

«Астана Балеттен» алғашқы онлайн-премьера

«Астана Балет» театры төл туындылары «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «Жусан» бір актілі балетінің жазбасын алғаш рет ұсынбақшы. Онлайн-көрсетілімге нақ осы қойылымдардың таңдалуы кездейсоқ емес. Қазақстандық хореограф Мукарам Авахридің қойған балеті – отандық би өнерінің ұлт тарихына арналған алғашқы туынды. Онда халқымыздың мызғымас рухы, өткенінің көлеңкелі және жарқын тұстары мен өмірлік қуаты жусан бейнесі арқылы суреттелген. Ал «Ұлы Дала мұрасы» атты сахналық қойылымы ұлттық хореографияның жаңа келбеті іспеті. Халқымыздың салт-дәстүрі, бірегей мәден-рухани құндылықтары көрініс тауып кербез би тілімен жеткізіледі, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

«Бұл - «Астана Балет» үшін тарихи сәт. Өйткені біз бұған дейін төл спектаклдерімізді онлайн режимінде көрсеткен жоқ едік. Карантинге байланысты бұрынғыдай театр қабырғасына көрермен жинай алмаймыз. Төтенше жағдайға бейімделіп, қауыммен байланысудың жаңа қырын меңгеріп жатырмыз. «Онлайн-театр» жобасы асясында бірқатар жаңашылдықтарымыз бар. 28 сәуірде «Карантиндегі жұлдыз» жобасы  аясында жетекші солистерімізбен тікелей эфир өтеді. Әрине алдағы 7 мен 9 мамыр күндерін де айналып өте алмаймыз. Төтенше жағдай 11 мамырға дейін ұзартылған соң балет өнерін сүйер қауымды назарсыз қалдырмауға тырысамыз», дейді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.

Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған онлайн премьералар 7 және 9 мамыр күндері сағат 20.00-ге жоспарланған. Спектакльдер «Астана Балет» театрының YouTube арнасынан «Премьералар» форматында көрсетіледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: astanaballet.com