Мемлекеттік архив ғарыш жайында виртуалды көрме ұсынды

Мемлекеттік архив ғарыш жайында виртуалды көрме ұсынды

Карантин кезінде үйден шықпай-ақ адамзаттың ғарыш әлемін бағындыру және саланың қалыптасуы жайында танысуға болады. Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві «Адам және ғарыш» виртуалды көрмесін көпшілік назарына ұсынып отыр.

Онда жұлдызаралық алғашқы сапарлардан бастап бүгінге дейінгі ғарыштық жетістіктер барынша қамтылған  мұрағаттық материалдарды тамашалау мүмкіндігі жасалған. Тұңғыш жерсерік, саласының бастапқы қадамдары, айға қонған сәтте жасалған алғашқы фото, тұңғыш әйел ғарышкер. Бұл деректерді мемлекеттік архивінің фейсбук, Инстаграмм gost_arhiv парақшаларынан табуға болады.

«Бұл көрме Қазақстан азаматтарының ғарыш саласының қалыптасу тарихына қатысты білімдерін толықтырып, оқушылар мен жастардың арасында отансүйгіштік қасиетті баулу үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан тарихының маңызды құжаттары мен ерекше материалдардың сақшысы елордалық архивтің беделін көтеруге бағытталған. Адамзаттың  ғарышты бағындыруын Қазақстансыз елестету мүмкін емес», деп мәлім етті қалалық мемлекеттік архив директоры Мейрам Бектембаев.

Виртуалды көрме адамзат тарихындағы айтулы күндердің біріне орай әзірленді. Ғарыш ғаламның қақпасы алғаш рет Қазақстан аумағында ашылғаны баршаға мәлім. Дәл осы бағыттағы ғылыми техникалық дәуірге жол ашқан тұңғыш жерсерік 1957 жылдың қазан айында Байқоңырдан жіберілді. Кейін 1961 жылдың 12 сәуірінде жер орбитасын асып, ғарышқа тұңғыш сапар шекен адам баласы да біздің айлақтан ұшырылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: nursultan.gosarhiv.kz