Елордада алғашқы театр радиосы хабар таратуда

Елордада алғашқы театр радиосы хабар таратуда

Карантин жағдайында барлық мәдени ойын-сауық орындары өз жұмысын тоқтатты. Дегенмен елордалық театр актерлері өнер сүйер қауыммен жүздесудің ерекше жолын тауып отыр. М.Горький атындағы орыс драма театры жеке радио ашып, көрермендермен виртуалды кездесулер өткізуде. Тың идеяның авторы – актер Сергей Маштаков.

«Карантинге шыққаннан кейін онлайн-радиостанция ашу ойыма келді. Ол үшін компьютер, микрофон және ең бастысы құлшыныс қажет. Радио сілтеме бойынша жұмыс істейді. Сондықтан тыңдармандар аудиториясы тек елодалықтармен ғана шектелмейді, бізді әлемнің кез келген түкпірінен тыңдауға болады. Онлайн радиостанциясының артықшылығы осында», дейді актер.

GORKY FM аптасына екі рет қосылады. Тыңдармандар назарына спектакльдерден үзінділер, музыкалар, монологтар ұсынылады. Тікелей эфирге қосылған адамдар артистермен тілдесе алады. Сондай-ақ, қазір театр радиосы жаңалықтар тарата бастады. Алдағы уақытта Ұлы Отан соғысына және батырларға арналған жоба ұсынылады.

«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай ата-бабаларымызға тағзым етіп, «Победа одна на всех!» деп аталатын жобаны қолға алмақпыз. Эфирде соғыс кезіндегі әндер, Ұлы Отан соғысына, Жеңіске арналған әндер театр актерлерінің орындауында ұсынылады. Сондай-ақ, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік эфир өткізіледі. Қазірдің өзінде басқа мемлекеттердің театрларын да құттықтаулар түсіп жатыр», - деп бөлісті Сергей Маштаков.  

Ал карантин аяқталған соң радио театрға ауыстырылып, хабар тарату уақыты 12 сағатқа дейін ұлғайтылмақ. Актерлер өз бағдарламаларын да ашуы мүмкін. Ұжым Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен елордадағы ресейлік мәдениет және ғылым орталығымен ынтымақтастық орнатқан. «Казахстанские театры - школам» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінен оқушылар оқыған өлеңдерін жолдап, эфирге шығарылады. Сонымен қатар, Сергей Маштаков режиссер ретінде театр актерлерінің қатысуымен фильм түсірген. Оның тұсаукесері карантин біткен соң театрда өткізілмек.

 

Авторы: Бақытгүл Шеркенова

Фото: ksors.kz