Түрік әншісі қазақ әндерін шырқап, онлайн концерт берді

Түрік әншісі қазақ әндерін шырқап, онлайн концерт берді

Түркиялық әнші, композитор Ирфан Гюрдал қазақ жұртшылығына онлайн-концерт ұсынды. «ҚазАқпарат» агенттігінің YouTube каналында онлайн концерт барысында Ирфан Гюрдал бүкіл түркі жұртшылығына ортақ көне аспаптарда ойнап, қазақ, қырғыз және түрік тілдерінде ән шырқады.

ИРФАН ГЮРДАЛ, «ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ САЗДАРЫ» АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Сәлем, Қазақстан, сәлем, құрметті ағайын! Біз – бір туған елміз. Осынау проблемалы, карантинді күндерде үйде отырамыз. Мен де үйден сіздер үшін қысқа концерт дайындадым. Түркі халықтарының ортақ аспаптарымен сіздерге бірнеше ән орындап бермекпін.

Осыдан кейін Ирфан Гюрдал түркі халықтарының ең көне аспаптарының бірі - қобызда ойнап, Қорқыт сарынымен ана тілінде ән салды. Сондай-ақ ол қобызбен сүйемелдей отырып, қазақтың халық әні «Ағажай Алтайды» орындады. Қазақтың қара домбырасын қолына алып, Ақан серінің «Балқадишасын», халық әні «Ақжорғажанды» әуелетті. Домбырамен қырғыз әні «Сарыойды» шырқады.

Айта кетейік, Гюрдал есімі Түркияда қазақтың қыл қобызы мен қара домбырасын, өзге де түркі халықтарының ұлттық аспаптарын өз қолымен жасап қана қоймай, шығу төркінін де тиянақты зерделеуге үлесін қосып жүргенімен белгілі.

 

Фото: lenta.inform.kz