Әсет Найманбайұлының домбырасы табылды

Әсет Найманбайұлының домбырасы табылды

Алаштың ақыны, ән падишасы Әсет Найманбайұлының қара домбырасы табылды. Атадан балаға мирас болып келген құнды жәдігер қазір Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын Шалғынбай Қашқынбаевтың шаңырағында тұр. Ақсақалдың айтуынша, шамамен 100 жыл бұрын жасалған музыкалық аспапты әкесі Сатыбалды Күлімбаевқа Әсеттің өзі тарту еткен. 1920 жылдары бір топ адам Қоянды жәрмеңкесінен қайтып келе жатып, бұлақ басына аялдайды. Осы кезде демалып отырған Әсет көпшіліктен «араларыңда ән салатын кім бар», - деп сұрайды.

Жұрт қолқалап қоймаған соң Сатыбалды Күлімбаев ән шырқаған. Оның дауысына риза болған Әсет домбырасын сыйлап кетіпті. Осы күнге дейін көздің қарашығындай сақталып келген жәдігердің бүйірінде өшуге айналған көмескі жазу бар. Ол араб әліпбиіндегі Әсет деген жазу екен.

ШАЛҒЫНБАЙ ҚАШҚЫНБАЕВ, БАЛҚАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Ешкінің ішегінен жасалған. Ол көп тұра берген соң шыдамай, қиылып қалған. Беті арша болған. Ол кішкене шіріңкіреп, түскені түсіп, үгілгені үгіліп қалады. Содан кейін мен мынаны қазіргі өзіміз тартып жүрген домбыраның шегін тағып, келтірдім. Бет тақтайын дауысы шығу үшін жұқа пластмассадан салдым.

Көне домбыраның Шалғынбай ақсақалдың шаңырағында тұрғанына 50 жылға жуықтапты. Ал жергілікті музей қызметкерлері бұл жәдігерді көпшілік назарына ұсыну үшін қолқа салмақ ниетте.

 

Фото: khabar.kz