Онлайн айтыс: Суырып-салма ақындар қашықтан сөз сайыстырады

Онлайн айтыс: Суырып-салма ақындар қашықтан сөз сайыстырады

Айтыс десе делебесі қозатын суырып салма өнердің жанкүйерлерінің  құлағына алтын сырға. Еліміздің ең үздік ақындары онлайн режимде бәйгеге түседі. Көрермен жарыс барысын бастан-аяқ әлеуметтік желілердегі Facebook, Instagram, YouTube парақшаларынан тамашай алады.  Онлайн айтыстың алғашқысы 9 сәуір күні жеребе тартудан басталады. Ақтық сын сәуірдің 18 мен 19 күндері өтеді деп жоспарланған. Сайысқа әр өңірден қанатты сөзді қазынам  деп таныған 16 суырып салма ақын қатысады.

МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН, АЙТЫСКЕР АҚЫН:

 - Онлайн айтыстың өзіне тән ерекшеліктері, қиындықтары да бар. Бұндай бірер жоба бұрын да болған. Әрине көрерменнің алдында көсіліп сахнада сайысатын айтыстарға қарағанда анағұрлым қындау. Жүйрік атта қиқу естімесе жүйткіп шаба алмайтыны секілді халыққа ондай әсер сыйламауы мүмкін. Бірақ қиын қыстау тұста елдің еңсесін тіктеп, халықтың рухын көтеруге арналған дүниеге ақындар атсалысуға әрқашан дайын. Халыққа демеу беретін, рухани азық сыйлайтын айтыс болсын деген тілектемін.

Бас жүлде иегері Telegram арнасында онлайн дауыс беру, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты пайыздық қатынаста бөлу арқылы анықталады. Айта кетейік, бұл жолы қара қылды қақ жарған ақындар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа отты ойларымен бөлісіп, сөз қағыстырады.

АЛИК ШПЕКБАЕВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Өзекті мәселелерді өлеңмен көпшілік алдында айту біздің елдің ежелгі дәстүрі. Біз қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеуді дәріптеу үшін ең тиімді мәдени құрал ретінде айтысты пайдалануға міндеттіміз.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде үйде отырған халықты төл өнерден сусындату үшін «Қазақ радиосы» ұжымы мен «Айтыскер ақындар одағы» бірлесіп,  онлайн сайыс ұйымдастыруда. Бұл жоба жақында тыңдарман назарына ұсынылмақ.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: