Опера жұлдыздары карантин кезінде көрермендерін қуантты

Опера жұлдыздары карантин кезінде көрермендерін қуантты

Қазақстанның опера жұлдыздары көрермен қауыммен байланысын карантин кезінде де үзген жоқ. Ж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюра онлайн тартулардың алғашқысы болды. Әлемдік деңгейдегі шығарманы маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрінің орындауы YouTube арнасы мен театрдың әлеуметтік желілері арқылы таратылды.

АБЗАЛ МҰХИТДИН, ДИРИЖЕР:

 - Осынау қиын-қыстау кезеңде «Астана Опера» сіздермен бірге. Біз біргеміз. Осы флэшмоб арқылы әріптестеріміз бен біз үшін өте қымбат, жаңа кездесуді асыға күтетін, оларсыз біздің өнеріміздің мәні жоқ көрермендерімізге қолдау көрсеткіміз келеді. Біздің жолдауымыз – адамдарға бәрі де жақсы болады деген үміт беру.

Маэстро карантин жағдайындағы бұл орындау қызықты тәжірибенің бірі болғанын қоса айта кетті.

Айта кетейік, жобаға барлығы 100 шақты музыкант қатысты, олардың дайындық үрдісі бірнеше күнге созылды. Аспапшылардың айтуынша, әртістердің әрқайсысы жеке-дара дайындалған.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі флейта тобының концертмейстрі Алексей Косырев:

«Мұндай жұмыс тәсілі кейбір техникалық қиындықтарды туғызды, бірақ, сөзсіз, шығармашылық шаттық сыйлады» - деп атап өтті.

 

Фото: astanaopera.kz