Өзбекстан ұлттық қолөнерді бренд ретінде насихаттамақ

Өзбекстан ұлттық қолөнерді бренд ретінде насихаттамақ

Өзбекстан ұлттық қолөнерді бренд ретінде насихаттамақ. Ол үшін туристер көп келетін жерлерге он саусағынан өнер тамған шеберлер тартылады.

Мысалы, 500 жылдық тарихы бар темірді көркемдеп ою өнерін жергілікті ісмерлер өлтірмей, жаңаша сипаттта дамытып келеді. Бұрын табақтарға өсімдік өрнектерін салса, қазір жануарлар мен сәулеттік ғимараттардың суреттерін соғады. Бір ыдысты жасауға 4 адам жұмылдырылады. Біреуі металл жонса, екіншісі суретін салады. Ал үшіншісі жылтыратып өңдесе, төртінші шебер оны бояп шығады.

ЛУТФУЛЛО САИДОВ, МЕТАЛЛ ШЕБЕРІ:

 - Бұл іспен менің бүкіл туған-туыстарым айналысады. Балаларым, ағаларым мен немерем де осы жұмыстың арқасында күн көріп жүр. Мен табаққа қиялымдағы суреттерді салам. Картинаны алдымен қағазға түсіремін. Ұнаса, ыдысқа көшіріп, құралдарыммен ойып шығам.

Өзбек шапандары да туристер тарапынан сұранысқа ие. Есесіне киімдерді ұлттық нақышта тіксе де, оларды қазіргі заманғы сәнге сай етіп жасайды. Шеберханалар шапандар, көйлектер мен бас киімдерді барқыт, жүннен әрі жібектен тігеді. Жергілікті дизайнер өз топтамасын Ресей, Қытай, Қазақстан, Израиль, Ұлыбритания, Латвия секілді мемлекеттерде таныстырып үлгерген.

ГЕННАДИЙ ИВАНОВ, ГАЛЕРЕЯ МЕНЕДЖЕРІ:

-  Бұл – Өзбекстанда жасалған маталар. Біз киімдерді тоқыма баумен жиектейміз. Әр бір топтаманы ұлттық нақышта жасаймыз. Бірақ олар сәнді көріну үшін замануи дизайнмен тігеміз.

Авторы: Жасын Біркенов

Фото: mercury.services