Мәдени ошақтардың қызметі онлайн режимінде қолжетімді

Мәдени ошақтардың қызметі онлайн режимінде қолжетімді

Өнерсүйер қауымның құлағына алтын сырға. Короновирус індетіне қатысты жарияланған карантин кезінде елордалық бірқатар мәдениет ордалары қызметін онлайн режимде жүргізуге ауысты.

Мәселен, «Астана Опера» театры қорындағы үздік қойылымдардың жазбаларын тамашалау мүмкіндігін жасап отыр. Көрермендерге аптасына төрт спектакль: екі опера және екі балет ұсынылады. Жұмыс күндері қойылымдар көрсетілімі театрдың ресми сайтында сағат 19:00-де, ал демалыс күндері сағат 18:00-де басталады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы да осындай тәртіпке көшті. Өнер ұжымы алдын-ала жазып алған үздік концерттер топтамасын өзінің Youtube арнасында ұсынады.

Ал Республиканың Ұлттық мұражайында үш тілде қашықтықтан саяхат ұйымдастыру шаралары қолға алынып жатыр.

Еске салар болсақ, 11 наурыз күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясын жариялаған еді. Індеттің өршуіне байланысты бүкіл әлемде театрлар мен музейлерге бару тоқтатылды, музыкалық фестивальдер, спорттық шаралар ауыстырылды, фильмдердің премьералары кейінге қалдырылды. Осыдан кейін, көптеген мәдениет ошақтары, өнер жұлдыздары өз концерттерінің онлайн трансляцияларын жиі ұйымдастыратын болған.

Фото: astanaopera.kz