Елордадағы Ұлттық музейде Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар өтті

Абай болу, алдымен адам болу. Ақын, ойшыл әрі ағартушының артында қалдырған мұрасы даналыққа толы ұлт қазынасына айналған. Оның сарқылмас шығармашылығы мен сан саладағы ғылыми еңбектерінің маңыздылығы туралы елордада Ұлттық музей қабырғасында өткен ғылыми конференция барысында абайтанушы ғалымдар, зерттеушілер, ақын-жазушылар әңгімеледі. Абай жастарды ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек сынды адами қасиеттерге ұмтылуға шақырған. Осы өсиеттері қазір де өзекті.

МӘУЕН ХАМЗИН, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

– Биылғы жылы бүкіл қазақ, бүкіл қазақстандықтар Абайдың рухыменен қауышты деп есептеуіміз керек. Абайға байланысты сантүрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Әрбір қазақстандықтың жүрегіне Абайдың рухы қонатын болса, одан артық олжаның керегі жоқ. Сондықтан ҚР Ұлттық мұражайында өтіп жатқан бұл шараны – игілікті шара деп есептеймін.

Сонымен қатар Ұлттық музей ғимаратында Абайдың 175 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға 100-ден аса бірегей экпонат қойылған. Ақын қолжазбаларының көшірмелері, фотосуреттер және жеке заттары «Жидебай-Бөрілі» мұражайының қорынан алынған.