«Батырлар» көркем фильмі қалың жұртшылыққа жол тартты

«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен «Батырлар» көркем фильмі бүгіннен бастап талғампаз көрерменге жол тартты. Қазақтардың қалмақ-ойраттарға қарсы соғысы кезеңінен баяндалатын туынды қазақ батырларының басынан өткен шытырман оқиғаларын да баяндайды. Фильмде қазақ халқының басына түскен түрлі қасіреттерге қарамастан, елдің ел ретінде рухын жоғалтпай, біріне-бірі қолдау танытып, татулықтың туын биікке көтере білгендіктері суреттелген. Елордада өткен алдын ала көрсетілімінің арнайы қонақтары картина жас ұрпақтың бойынан ең әуелі патриоттық рухты оятатындығын атап өтті.

ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

-  Көп дүниелер жасалып жатыр. Жастар талпыныс жасап, ізденіп жатыр. Біздің бұрынғы, осы уақытқа дейінгі жабылып келген тарихымыз көтерліп жатыр. Фильмде де біздің тарихымызда болған, халықтың санасында жүрген батырлардың есімдері жаңғыртылды. Кинокартина Біз кімбіз? Қайдан шықтық? Біз кімнің ұрпағымыз? - деген сұрақтарға жауап береді. 300 жыл бұрын, 100 жыл бұрынғы сол кездегі осындай патриоттық рухтың бүгінге дейін жай ғана жетуі емес, өсуі керек.

Айта кетейік, «Батырлар» фильмінің үлкен экрандағы көрсетілімі аяқталған соң, «Хабар» арнасынан сериал ретінде көрермендердің көзайымына айналады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: nur.kz